ЕСЕПШОТ, ТҮЙЕТАУЫҚ ЖӘНЕ ДОМИНО

— Жоқ, — деді Ботбай күлкісін әрең тежеп. — Менің таңғалып тұрғаным өлеңнің өзі емес, оның сендер жаққа қалай тез жеткені. Пістекүл өз құлағына сенерін де, сенбесін де білмеді. — Сонда… сон… сендер де білесіңдер ме ол жайлы? Әңгімеге байыпты үнмен Қаршыға араласты. — Өткен жолы ол өлеңді ағаңның өзі шығарған. — Қалай, қалай? — Солай. Сол жолы Сопытай маған өлең шығарды, ал сенің ағаң оның әйеліне өлең шығарды. Пістекүлдің көз алды теңселіп кетті. — Жетіскен екенсіңдер! Жеттім деңдер соған да! Бәріңде ар, намыс деген жоқ. Кетемін, кетемін бұл үйден, бір минут та тұрмаймын. — Ол есі ауысқан адамдай апыл-ғұпыл заттарын жинай бастады. — Қайда? — деді ағасы. — Әжемнің үйіне. Ботбай сәл мүдіріп қалды да, түкірігіне шашалғандай үзік-үзік тіл қатты. — Шынын айтсам… менің әйеліме арналған өлеңді әжем шығарған. Әйтпесе, Сопытайда қандай ақындық болсын… Пістекүлдің жанары мұнартып, тұла бойы ызадан қалшылдап, теңселе басып барды да, кереуетке гүрс етіп құлап түсті. Ботбай мен Қаршыға бір-бірінен көз алмай, енді не істерін білмей дал болып тұрғанда сыртқы есік айқара ашылып, ішке Сопытай кіріп келді. — Кеш жарық! — деді ол сыпайы ғана жымиып. — Ешкің арық! Оу, қайдан жүрсің? -— деді Ботбай таңданып. Сопытайдың ойда жоқта кіріп келіп, әлгі бір тұйықтан алып шыққанына Ботбай қуанып қалды. — Ой, келгенің жақсы болды, төрлет! — деді ол оған жұмсақ орындық қойып. — Қалай, үй-ішің аман ба? — Олар осында ғой. — Ә-ә, олар осында екен ғой. Әні, әйелің… қарындасымыз… осында. Жатыр. Жылап жатыр ғой деймін. Қаршыға, жүгір түйетауық сой. Ащылап қуырдақ жаса. Біз Сопытай екеуміз домино ойнап жіберейік. Олар әп-сәтте стол басына жайғасты. — Қаладан жаңасын әкелдім, — деді Сопытай. — Піл сүйегінен жасалған, аппақ доминоларды стол үстіне сау еткізді. Ботбайдың аузы аңқиып кетті. — Мәс-са-ға-ан! — деді ол есін жинаған соң. — Мынадай доминомен бір жеті ойнасаң да жалықпассың. Жарайсың. Сопытай, жарайсың! Ал қане, бастап жіберейік. Бірақ сен езіп көп ойланба? — Әрине, әрине. Тракторың неғып есік алдында тұр? — Жай. Бүгіннен бастап сүрлемге шықтым. Көң тасуға қарағанда таза жұмыс. — Дұрыс. Қанша? Төрт те бес пе? Ал жүрдім. Кезек сіздікі. — Ә-ә, қу бала. «Балық» жасамақсың, ә!.. Бірнеше минут өткен соң, Ботбайдың жағдайы қиындады. Ол жерден бірнеше рет тас алып, төртінші тасты алғанда ғана керекті санға ілікті. — Ал жүр, — деді ол қызарақтап. Сопытай ойланбастан «ашық» қанатты қайта жапты. — Тағы ма?! — деді Ботбай ашуланып. — Сен бар ғой, сен барып тұрған қусың! — Сабыр сақтап ойнаңыз. Жеке басқа тиісуге

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12