болмайды. Мәдениет керек, мәдениет. — Мен — мәдениетсізбін, өйткені айдайтыным трактор, ал сен — мәдениеттісің, өйткені қағатының есепшот, бұғалтырсың, сол ма айтайын дегенің? — Ой, лағып кеттіңіз, — деді ол жайбарақат жауап беріп. — Ал жүріс сіздікі. — Жүрмеймін. — Неге? — Сол, жүрмеймін. — Онда ұтылдың. — Тапқан екенсің ақымақты! — Онда жүр. — Ал жүрмеймін. — Онда ұтылдың. — Ұтылғам жоқ. — Онда жүр. — Жүрмеймін. — Енді не істейміз? — Өзің жүр. — Екі рет жүремін бе? Ботбай орнынан тұрды. —Бар ғой, — деді ол ызалы үнмен, сенің бар ғой, мына шілмиіп тұрған мойныңды шібидің мойнындай жұлып аламын да, терезеден лақтырып жіберемін. Немене, «жүр де жүр», «ұтылдың да ұтылдың!» Басқа сөз құрып қалды ма? — Әрине, басқа сөз көп. Бірақ оның бәрін неменеге айта берем. Айтпақшы әлгі түйетауықты кім сояды? — Ол қандай түйетауық? — Әлгі… Жаңа ғана өзің айтқан жоқсың ба? — Айтсам қайтушы еді! Давай, одан да жүрісіңді біл. — Жарайды, — деді Сопытай оңай келісіп. — Ал жүріңіз. Ботбай тізіліп жатқан домино тастарына ұзақ үңіліп отырды да, қайтадан ашулана бастады. — Иттен жаралған, — деді ол не айтқанын өзі де байқамай. — Боқтамаңыз, — деді Сопытай ескерту жасап. —Сені емес, тасты боқтап отырмын. — Тас — менікі. Демек, қосақ арасында мен де кетем. Бірақ бәрібір — ойын бітті. «Рыба!» Ботбай жылап жібере жаздады. — Қайта ойнайық, — деді ол домино тастарын асығыс араластырып. Ойынның екінші раунды басталды. Біраз уақыт өткен сон Ботбай қайтадан ұтыла бастады. — Тағы жапты! — деді Ботбай жағдайды байқаған соң терісіне сыймай. — Әтеңе нәлет! — Боқтамаңыз, — деді Сопытай екінші рет ескерту жасап. Оның жайбарақат қалпы Ботбайдың жынын қоздыра түсті. — Шошқаның ғана доминосы! — Тағы айтам, арға тимеңіз, — деді Сопытай ұстамдылық сақтап. — Сенің арыңа тиген ешкім жоқ! — Жаңа не айттыңыз? — Боқтасам, шошқаны боқтадым. — Шошқа да құдайдың мақұлығы, — деді Сопытай салмақты үнмен. — Ол да өзіміз сияқты жануар. Ботбай орнынан атып тұрды. — Немене, немене? Шошқа да өзіміз сияқты жануар? — Әлбетте. — Демек, мен де шошқа сияқты мақұлықпын ба? — Кім білсін, — деді Сопытай иығын қозғап. — Әйтеуір, бәріміздің бір мақұлық екеніміз аян. Бірақ бірімізді шошқа деп, екіншімізді адам деп атап кеткенбіз. Бар айырмашылық сонда ғана. Ботбай бұдан әрі тәжікелесе беруді қажетсіз деп тауып, оны бүркіттей бас салды. Бірін-бірі аямас, бітімсіз, ымырасыз айқас басталды да кетті. — Шошқашылын мұның! Шошқа болғың келсе өзің бол, менде нең бар, а! Ой, сүмелек, ынжық!