ЕСЕПШОТ, ТҮЙЕТАУЫҚ ЖӘНЕ ДОМИНО

Көрсетейін саған шошқа болуды! Адырдың сексеуіліндей Ботбай арық жағасында өскен жалбыздай Сопытайды жаман шапандай сілкіледі. Жанжал ә деп басталғаннан көзінің жасын тыйып, оларға таң-тамаша боп қарап отырған Пістекүл бұл екеуі ұмар-жұмар алысып кеткенде, «өз басының қайғысын» біржола ұмытып, шырылдап кеп араша түсті. — Естерің дұрыс па, не болған сендерге! — Сол кезде барлық илеуге қарсылықсыз көніп, Ботбайдың астында бейғам жатқан күйеуінің көзіне көзі түсті де, намысы бұрқ ете қалды. — Сені де еркек дейді-ау, неменеге мәз боп жайбарақат жатырсың! Тұр былай! — Қайтіп? — деді Сопытай ақыл сұрап. Ботбайдың оны жуық арада босататын түрі байқалмайды. Ұрып жатыр, илеп жатыр, мыжғылап жатыр. — Ботбай, жалынамын жіберші. Өлтіретін болдың ғой байғұсты! — деді Пістекүл оның жауырынына жабысып. — Аулақ! — деді Ботбай оны сілкілеп тастап. — Шырылдай қалуын қарашы!.. Түйетауық! Түйетауық жегісі келеді тағы. Жегізермін мен саған. Өзіңнен чахохбили жасайын! Осы кезде маңдайынан терін сүртіп, түйетауық қуып шаршаған Қаршыға кіріп келді. — Әрең ұстасам болар ма? Ботбай, түйетауықты қайсысың соясыңдар? Ей!.. — деді ол киіздің шаңын көтеріп алысып кеткен екеуіне үрейлене қарап. — Мыналар төбелесіп жатыр ма, немене? — Иә, — деді Пістекүл дірілдей жауап беріп. — Ал сен неғып тұрсың? Екі әйел екі жақтап жүріп екеуін әрең ажыратты. Екі доминошы орындарынан тұрып, қағып-сілкіне бастады. Көп қайрат жұмсаған Ботбай екі иығынан демалып болдырып тұр, ал тыныш жатқан Сопытай ұйықтап тұрғандай тып-тың. — Тентек көбелектей жалп-жалп етіп саған не жоқ, ә? — деді Ботбай қарындасына алқына қарап. — Ол… ол… сені ғана емес, өзін де шошқа деді ғой… — Десін! Шошқа болмақ түгілі өзін есек десін, қоңыз десін, кесіртке, жылан, құрт-құмырсқа, маса-шіркей, бақа-шаян десін. Бірақ мені қоспасын. — Енді… солардың біреуіне тоқтау керек қой — деді Сопытай терезеге қарап. — Әне, әне! Есіттіңдер ме не дегенін?! Өй, мен сені қазір!.. — Ол орнынан ұшып тұра беріп еді, екі әйел әке-көкелеп қайта отырғызды. Қаршыға Сопытайға жақындады. — Айналайын, құлдығың кетейін, үйіңе қайтшы. Сен де сүттен ақ, судан таза емессің. Сопытай Қаршығаға «солай ма?» дегендей біраз қарап тұрды да, көзілдірігін бір ырғап, үн-түнсіз есікке қарай беттеді. — Ал… Түйетауық ше? — деді ол жалпыға ортақ сауал тастап. — Есік алдында байлаулы тұр, алып кет, — деді Қаршыға. — Оңбаған! Намыссыз! — деп Ботбай күйіп кетіп жерге бір түкірді. — Жо-жоқ! — деп Пістекүл кенет айғайлап жіберді. — Ол ондай емес! — А-а, солай ма! — деді Ботбай қарындасына алара қарап. — Өзің едің ғой сөзді бірінші бастаған. Сол үшін ажырасқалы келіп отырған жоқсың ба? —

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12