Аудан орталығы боп есептелетін шағын қаланың шағын ғана баспаханасында он төрт жыл әріп теруші боп қызмет істеген Жәдігердің облыстық ауруханада жатқанына міне, бес ай болды. Алғашқы кезде дос-жарандарының бірі болмаса бірі кеп, бұрын дәрігер атаулының алдын көрмеген оның көңілін көтеріп, рухын өсіріп жүруші еді, бертін келе мұның ауруханада жатқанына жұрт әбден үйреніп алды ма, әлде келе беруден жалықты ма, әлде ұзақ уақыт көрмеген соң адамдар бірін-бірі ұмыта ма, соңғы үш-төрт айда оны іздеп әйелінен басқа ешкім келмейтін болды. Әйелінің өзі де алғашында апта сайын, әр жұмада келетін. Жол алыс, үйде үйелмелі-сүйелмелі үш бала бар, сондықтан Жәдігер бір жағы жүзі жадау тартқан әйелін аяп, әрі шешелері келгенше тамақ ішпей томсырайып отыратын балаларына жаны ашып, екі айдан соң аяғына мінген ол әйеліне де жиі келе беруге рұқсат етпеген-ді. Олар бір палатада бесеу. Қалған төртеудің ағайын-туыстары түгел осы қалада. Оларға адамдар сапырылысып келіп жатады. Әуелгі кезде Жәдігер жолдастарының аздығына, сол аз жолдастардың өзі ат ізін салмай кеткендеріне іштей қапаланып, таң атса болды, терезенің алдына біреуіне болмаса, біреуіне қылқиып кеп тұратын іздеушілері мол мына төртеуіне қызғанышпен қарайтын. Өзімен салыстырғанда, олар мейлінше бақытты боп көрінетін-ді. Сапырылысып келіп тұратын дәл осындай ағайын-туыс, дос-жарандар мол болса, онда бес ай емес, бес жыл бойы алаңсыз ауыра беруге болатындай көрінуші еді. Мұндағы «ескі көздерден» соңғы кезде өзі ғана қалды. Қалғандарының бәрі әлдеқашан шығып, орнына жаңа адамдар келді. Аурухана қабырғасы мұны әбден қажытты. От басын, ошақ қасын сағынды. Кешке шейін көрмесе сағынып, үстінен баспахана бояуының иісі аңқыған әкелерінің мойнына тұс-тұстан асылатын алды он бір, соңы төрт жасар балаларының маңдайынан бір иіскеуді аңсады. «Бәлкім, олар мені ұмыта бастаған да шығар,– дейтін ол жарық сөніп, ұйықтауға жатқанда. –Балалар бәріне тез көндігіп, тез ұмытпаушы ма еді. Мен де сөйтіп едім ғой. Әке-шешем қайтыс боп, біреулер детдомға апарып берген жылы көрпені жамылып алып, екі-үш күн бойы жыламадым ба? Кейіннен ұмытып, бәріне көндігіп, әке-шеше дегеннің не екені де естен шығып кеткен жоқ па еді?! Бұлар да сөйтіп ұмыта бастаған шығар-ау?» Жәдігердің көзіне жас келді. Өзінің өмірі жайлы, әкесіз күн кешіп жатқан балалары жайлы, үй-ішінің ақшадан тапшылық көріп жатқаны жайлы ойлағысы келмеді. Бірақ оны ойламау мүмкін емес, қиялы қай жақты шарлап кетпесін, бәрібір алдынан үй-ішінің жағдайы сопиып шығады да тұрады. Бұл ауруханаға түскеннен кейін, төрт айдан соң әйелі үш баласын да ертіп кепті. Екі ұл, бір қыз. Мұны көрген кезде олар баяғы күнде көріп жүргендегідей тұс-тұстан анталап кеп мойынға асылған жоқ, үшеуі де ұяла күлімсіреп, төмен қарап тұра берді. Жәдігер кеп құшақтап беттерінен сүйгенде ғана ортаншысы