АЙ-ПЕТРИ АҚИҚАТЫ

Жамал Николай Сергеевичтің жолыққанына, таксиге отыра салмай, оның машинасымен келгеніне өкінді. Өйткені өткен жолғыдай емес, ол шектен тыс ресми, шектен тыс сыпайы боп қапты. Жол-жөнекей оған «отыр» деуінің өзі де жолдастық парыздың амалсыз әсері екенін байқағандай болды. Осындай бір жағымсыз, салқын күйден Жамал бірнеше күн бойы арыла алмай қойды. Тіпті Федорчуктің өзі бір кездескенде салқын қабақ танытып, оған бұрынғыдай жалпаңдамайтын сияқты. Кешке ол үйіне телефон соқты. Үйінде келіні мен баласы болуы керек еді, бірақ трубканы ешкім көтермеді. Оның іштей мазалануы бірте-бірте белгісіз күдікке айналып, бойына үрей үймелей бастады. Ол үйіне түні бойы телефон соғумен болды. Ана жақтан тырс еткен дыбыс естілмеді. «Құдай-ау, бұлар қайда жүр? Бала қайда? Келін қайда? Заманбек қайда? Біреуі болмаса біреуі болуы керек қой. Әлде телефон істемей қалды ма екен?» Өздерінің үйіндегі телефонның істемей қалуы мүмкін емес екені есіне түскенде әйелдің жүрегіне тағы да белгісіз үрей толқыны келіп қосылғандай болды. Ол бірауық көршілерімен хабарлассам ба екен деп ойлады да, артық дабыраны қаламай амалсыз таң атуын күтті. Қырымның түні мұндай ұзақ болар ма? Алматыша таңғы сағат сегіз болды-ау дегенде телефонға тағы жармасты. Бір кезде трубканы біреу көтерді-ау. Жамалдың жүрегі аттай тулап: — Әй, бұл кім? Әмина, сенбісің? — деді алқынып. — Иә, — деді келіні ар жақтан самарқау үнмен. — Әмина, дауысың неге сынық? Тыныштық па? — Тыныштық. — Әй, сен мені танымай тұрсың ба? Менмін ғой. Мен, мен, мамаларыңмын. — Танып тұрмын. Сәлематсыз ба? Жамалдың кеудесін қорқыныш билеп, ары қарай не дерін білмей қалды. — Әмина, Әмина деймін. Саған не болған? Шыныңды айт, амансыңдар ма? — Аманбыз. — Ербол қайда? — Ұйықтап жатыр… — Келінінің дауысы тұншыға шықты. — Неге ұйықтап жатыр? — Ол… ол түнде тағы кеш келді. — Әмина, сен… жылама, жылама, білдің бе? Жылама деймін. Барған соң оған көрсетемін көресіні. — Әйтеуір үй-ішінің аман екенін біліп, оның жүрегі орнына түсейін деді. — Папаларың жұмысқа кетіп қалды ма? — Иә… Жоқ… командировкада… — Командировка? Ол неғылған командировка? — Бір қалада комбинат ашылады екен, соның ашылу салтанатына кетті. — Қай қалада? — Білмеймін… Какой-то солтүстіктегі бір қала. — Жарайды, аман болсаңдар бопты. Жылама, жылама деймін. Саған көп жылауға болмайды. Балаңа зиян. Кешке қарай тағы бір хабарласармын. Жарай ма? Ал сау бол. Ол трубканы қойып: — Неткен балалар? Жалғыз әкелерінің қайда кеткенін білмейді, — деді терең күрсініп. Сәрсенбі күні ол әдеттегідей жағалауға келді. Өзіне етене таныс теплоход трапка бауырын сүйкеп, оны күтіп тұр екен. Бұл жолы «Мичман Панин» күтіп алды. — Евгений Степанович қайда? — деді Жамал

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13