АЙ-ПЕТРИ АҚИҚАТЫ

траптан палубаға түсе берісте сүйемелдемек боп қолын созған «Панинге» екі-үш саусағын ғана ұстатып. — Ол кісі көп-көп кешірім өтінді. Бүгін аздап сырқаттанып қалған секілді. — Секілде ме, әлде сырқаттанып жатыр ма? — Таңертең өзі солай деген, — деді «Панин» аздап бөгелектеп. «Ауырып тұрған сияқтымын, денемде қызу бар»,— деді. Бірақ сіз қам жемеңіз, сізді серуендетіп қайту біздің де қолымыздан келеді. — Бүгін жүк тасымайсыңдар ма? — Жоқ. Түстен кейін ұсақ-түйек ремонтқа тұрамыз. «Әбден мезі қылған екенмін ғой, — деді Жамал өзінен-өзі қатты қысылып. — Менікі не осы, сонша жабыстым кеп. Бұлар не, менің екі туып, бір қалғандарым ба? Осы кезге шейін мұны неге ұқпай келгенмін?» Жамал не істерін білмей, палубада біраз қимылсыз тұрды да «Панинге»: — Бір жағынан Назаровтың келмегені де дұрыс бопты,— деді ол баяғы көңілді кейпін сақтауға тырысып. — Менің де қыдыруға ешқандай зауқым соқпай келе жатыр еді. — Ол сағатына қарап қойды. — Бір сағаттан соң Алматыдан келінім телефон соғуы керек… Сөйлесетін сөз бар еді. Мен қайтайын. — Жамал… Сағатовна, — деді «Панин» оның әкесінің атына келгенде сәл мүдіріп. — Мұныңыз қалай? Назаров ренжиді ғой. — Ренжімес. Түсіндіріп айтарсыз. — Жамал жайлап басып траппен төмен түсе бастады. Ол «Паниннің» қуақы да зәлімдікке толы көздері өзіне қадалып тұрғанын сезіп, жауырыны шымырлап кетті. Сонан соң аяғын тез-тез басып, теплоходтан ұзай берді. «Панин» оны тоқтатқан жоқ. Сырт қарағанда мұның бәрі кішкентай оқиға боп көрінгенмен, бәрібір ол Жамалды жасытып кеткендей болды. Өз ойымен өзі арпалысып, өзіне-өзі ұрысып, таныстарының соңғы күндері салқын қабақтарын өзінің тым еркінсіп кеткендігінен көріп, сол ойдан өзін қоярға жер таппай ыңғайсызданып, корпусқа қалай жеткенін байқамай қалды. Ол вахтаға бұрылып, бөлмесінің кілтін алғалы үйреншікті » 137″ деген жазуға қол соза бергенде, кілттің орнында емес екенін көрді. Вахтада ешкім жоқ. Оң жақтағы қараңғы түкпірде «тетя Дуся» ғана еден жуып жүр екен. — Тетя Дуся, менің бөлмемнің кілті сізде емес пе? —деп сұрады бөлмені реттеп болған соң кілтті орнына ілуді ұмытып кетті ме деп ойлап. Дуся апай оған жайлап жақындады да: — Оның кілтін комендант алған, — деді. — Неге? — Неге екенін олар маған айта ма? — Қызық екен, — деп Жамал иығын қозғады, — «Комендантқа кілттің не қажеті бар? — Ол түкке түсінбеген халде екінші қабаттағы өз бөлмесіне келді. Бөлме кілттеулі екен. Ол не істерін білмей, әрі-сәрі боп тұрғанда қасына екінші қабаттың кезекшісі жақындады. — Жамал Сағатовна, — деді ол баяу үнмен. — Сіз… Коменданттың бөлмесіне кіріп шығасыз ба? Ол сізді күтіп отыр еді. Жамал аяғының астындағы еден ойылып кетердей

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13