жайлап басып, демі жиілеп, комендаттың есігін ашты. — Рұқсат па екен? — О-о, келіңіз, төрлетіңіз, — деді толық келген, алдыңғы тістерін түгел алтындаған әйел оған қарсы жүріп. — Көңіл күйіңіз, денсаулығыңыз жақсы ма? — Рахмет. Бәрі ойдағыдай. Комендант ұзаққа созылған керексіз әңгімеден соң мәселенің түйініне көшті. — Жамал Сағатовна, — деді ол жалынғандай көмескі үнмен. — Сіз айыпқа бұйырмассыз. Сәл бір келеңсіздеу жағдай болып тұр. Ім… Қалай десем екен… Бізге, Москвадан тексеру келгелі жатыр. Орын мәселесі ғой баяғы. Сіздің бөлмеңіз — бұрынғы ординатор бөлмесі. Комиссия сезіп қалса, жақсы тиетін түрі жоқ. Бәрімізге де. — Ол бір қолымен шеңбер жасап, бүкіл санаторийді қамтығандай болды. — Әрине, әрине, — деді Жамал басын изеп. — Сөйтіп… сізді үш кісілік бөлмеге көшірсек деп едік… Оған.. қалай қарайсыз? Жамалдың өн бойы мұздап кетті. Көз алды бір сәтке буалдыр тартып, бөлме ішіндегі кислородты әлдекім сорып әкеткендей тынысы тарылды. — Ә… ә… Мейлі. Мейілдеріңіз, — деді ол өң мен түстің арасында дірілдей сөйлеп. — Қалауларыңыз білсін… — Тексеру келе жатыр, амал бар ма… Федорчук те қинала-қинала кеткен. — Ол кісі қайда? — Облыс орталығына кетті. Симферопольде жиналыс бар екен. Төрт-бес күннен соң келеді. Комиссия табан астында келіп қала ма деп ренжімеңіз… Қызмет қой… — Әрине, әрине… Қызметтің аты қызмет… — Жамал ойланбастан оның ығына жығылып сөйлеп берді. Соңғы сөз жүрегіне жуалдыздай болып қадалса да, шыдап бағуға тырысты. Екеуі ұзақ үнсіз отырып қалды. Ішкі дүниесінде сәт сайын ұлғайып, кенересін барған сайын кеміріп бара жатқан намыс пен ыза отының әсерінен жылап жіберуден қорыққан Жамал, аздан соң өзін-өзі әрең жеңіп: — Тым асығыс болған екен, — деді күбірлеп. — Тым болмаса… бүгін түнеп шығайын. Үш кісілік орынға… таңертеңнен бастап ауысармын… Комендант әйел сәл ғана ойланып алған соң: — Жарайды. Солай-ақ болсын, — деді үлкен тәуекелге барғандай қолын сілтеп. Жамал түскі тамаққа да, кешкі тамаққа да бармады. Ол сыртқа шықса дүйім жұртқа күлкі болатындай бөлмесінен шықпай жатып алды. Өзін-өзі қор санап, егіліп жылады. Кешке Алматымен сөйлесті. Трубканы тағы да келіні алды. — Әмина, — деді ол келінінің жылап тұрғанын естіп, шошына айғайлап. — Әмина, саған не болды? Құдай біледі, сендерде бір жамандық бар? Айт қазір. Ербол үйде ме, тағы кешігіп келді ме? — Мама… мам… ол үйде… Ол… өткен жолы да үйде болатын… — Не дейді? Енді неге жылап тұрсың? Саған жылауға болмайды дегенім қайда?.. Папаларың командировкадан келді ме? — Жоқ… імм, келді… Мам… ол ешқайда кеткен жоқ. Ол осында… — Құдай-ау, сен не деп тұрсың? Есің дұрыс па? Айтсаңшы, не