жауап болған жоқ, соған қарағанда ол лездің арасында капитанның соңғы сөздерін естімейтіндей алысқа кетіп қалған болуы керек. — Әзіліміз ғой, — Ештеңе түсінбей, ыңғайсызданып отырған Жамалға Назаров күле қарады. — Құдай сақтасын, — деп күрсінді Жамал. — Неткен кісі шошырлық әзіл. — «Мичман Панин. Мичман Панин». Маған осы есім таныс сияқты. — Осы аттас фильм бар, бәлкім сол есіңізге түсіп тұрған шығар, — Ә-ә… — Жамал қолымен ауа кесіп, сықылықтап күлді. — Сол екен ғой ойымда тұрған. — Бәсе. Бізден басқа тағы бір теплоходпен таныс па деп шошып қалсам… Әлгі жігіттің фамилиясы Панасюк. Әзілдей келе жігіттер оны «Мичман Панин» деп атап кетті. Қалай, жүруге команда береміз бе? — Еркіңіз білсін. Сіз мені шетел делегациясының бастығындай қабылдадыңыз ғой тіпті… Күн ашылар ма екен? — Синоптиктердің хабарына қарағанда: «түстен кейін тыстан соққан жел сәл күшейе түседі. Ауаның температурасы — 23-24 градус». — Сіз бүгін ерекше көңілдісіз, Евгений Степанович. — Ендеше, мен жүруге команда берейін. Назаров сәл ойнақы қимылмен иілді де, ыңылдай әндетіп жүріп кетті. Сәлден соң жүк теплоходы орнынан қозғалып, ашық теңізге қарай бет түзеді. Жамал жасы елуге таяп қалса да, киім киісі мен жүріс-тұрысынан ерекше талғам табы сезіліп тұратын, сөйлегені мен күлгеніне, тіпті біреуге көз тастап қарағанына дейін әдемілік пен әдептілік белдеуінен шашау шықпайтын, туа бітті қасиеті бар, тәкаппарлық пен қарапайымдылықты бір бойына білдірмей қатар сіңіре білген әйел еді. Ол өзін ешқашан жұрттан бөлек ұстауға тырыспайтын, әрқашан топ ішінде бола білетін және сол топтан оқшау да көріне алатын-ды, көпшіліктің қатарында келе жатып алда жүре білетін-ді. Жаз айларында бір апта аялдау үшін атан түйенің құны кететін, туған елден тым қиянда жатқан осы бір алақандай теңіз қойнауының адамдары оны кісіге жағымды жайдары мінезі үшін ұната ма, әлде күйеуі Заманбектің сонау Алматыдағы беделінің сарыны бұл жаққа де жетіп жататындығынан ба?.. Жамал әр келген сайын ыстық ықылас пен ілтипаттан тыс қалып көрген емес. Бұл жақтағы жауапты қызметте жүрген кісілердің біразы оның өзін немесе күйеуін не сырттай, не іштей білетін болып шығады. Заманбек Алматыдағы қызметіне ауысқанға дейін Қазақстанның көптеген аудандарында, облыс орталықтарында басшылық жұмыстарда жүрді. Бұл жақтағы кейбір кісілердің онымен қызмет бабында немесе Москвадағы үлкен-үлкен жиындарда кездесіп, таныс-біліс боп жататындары да сондықтан. Тіпті, бұлардың жер бетінде бар-жоғынан бейхабар көлденең біреулер кездесе қалса да, сөйлесе келе, таныса келе Жамалдың ежелгі достарындай жақын боп кетіп жатады. Сондықтан шығар, Жамал қандай тілек айтса да жергілікті әкімдер қабақ шытпай көмектесуге дайын тұрады. Кездесе қалса бәрі де амандық-саулықтан соң: «Қалай, Заманбек Акимович телефон соқты ма?» Денсаулығы жақсы ма? Демалысқа қашан шыққалы