АЙ-ПЕТРИ АҚИҚАТЫ

жатыр?» деп ерекше ықыласпен сұрап жатқаны. Жамал да оларға бар тілейтіні — аптасына екі рет ашық теңізде серуендеп, Ай-Петриге жиырма-отыз шақырым қашықтықтан қарау. Әсіресе, күн ашық боп, теңіз үстінде майдақоңыр ғана толқындар жүгіріп жүрген тымық шақта Ай-Петри ерекше асқақ та әсем көрінеді. Жамалға бұдан өзге қызықтың да, бұдан өзге серуеннің де қажеті жоқ. Ол бұл көрініске қараудан ешқашан жалықпайды, тіпті сағаттар бойы көз алмай тұра беруге дайын. Бұл жартасты Жамал алғаш рет осыдан он жеті жыл бұрын, күйеуі екеуі демалуға келгенде көрген. «Япыр-ай», деп таңғалудың орнына ол күйеуін қайран қалдырып: «Заманбек, мен… мен… мына тауды түсімде көргем, — деді. Иә, иә, осыдан бір жеті бұрын… Күн көзі түсіп тұр екен-ау деймін. Сол сәуледен жартас жан-жағына аппақ нұр шашып тұр». Заманбек оның иығынан құшақтап кеңкілдей күліп: «Сен Арыстың жағасындағы жарқабақты «Ай-Петримен» шатыстырып тұрған шығарсың» деген оны ызаландырып. Бақшасарай аңызынан кейін оның Ай-Петриге деген сүйіспеншілігі бұрынғыдан да күшейіп, кеудесінен оған деген мұңлы бір сағыныш біржола орын тепті. Гаремде екіқабат боп, сол үшін қатал жазаланып, әлде түрік, әлде ағылшын саудагерлеріне сатып жеберілген әйелдің дауылды түні кемелері апатқа ұшырағанда бірнеше күн бойы тақтай үстінде жалғыз жүзгені, жер басудан күдерін үзіп, өзін енді тұңғиық теңізге лақтырмақ боп бел буғанда найзағай отымен Ай-Петридің жарқ етіп көрініп, әйел мен оның іштегі баласының өмірін сақтап қалғаны Жамалдың ой-қиялын біржола шырмап алды. Батыс та жоқ, шығыс та жоқ, айналаң ұшы-қиырсыз теңіз. Уысына түссең қас қағым сәтте жұтып қояды да, түк көрмегендей керенау толқып жата береді. Ол тұңғиыққа бәрібір — адамсың ба, надансың ба, данышпансың ба, ақымақсың ба, еркексің бе, сәбисің бе — таңдап, талғап жатпайды. Мына теплоходтың түбі тесілсе, оны да жұта салады. Теңіз біткен жерден Жер басталады-ау, сол Жер үстінде Жамал әйелдің баласы мен келіні бар-ау демейді, оның алыс бір Алматы деген көп адам шоғырланған елді-мекенде бес бөлмелі үйі, күйеуі бар екенімен, күйеуінің үлкен қызметкер екенімен, бұл жаққа денсаулығын түзеп алуға келгенімен санаспайды да. Қап-қара боп түнеріп жатқан тұңғиық теңіз Жамалдың денесін түршіктіріп, бойына қорқыныш туғызады. — Жамал Сағатовна, сіз әбден ойлансын деп сағат бойы жаныңызға адам жолатқан жоқпын, — деді оның қасына келген Назаров. — Ой теңізден де терең, оның түбіне жете алмайсыз. — Иә, дұрыс айтасыз, — деді Жамал теңізге сүңгіген ойын тез кері шумақтап, кеудесін жоғары көтеріп. — Мен сіздерді жолдан қалдырдым-ау, сірә. — Жо-жоқ. Біз бүгін Артекке бір рейс жасасақ та жетеді. Ал кешке дейін көп уақыт бар. Сізді серуендету де біздің басты міндетіміз ғой, — деді Назаров зажигалкасымен темекі тұтатып жатып оған көз

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13