АЙ-ПЕТРИ АҚИҚАТЫ

кеңкілдей күлді. — Қазір Сахалинде. Тағы бір институтқа сырттай түскелі жүр деп естідім. — Тағы ма? — деді «Мичман Панин» көзі ежірейіп. Сөйтті де, Назаровтың жауабын күтпестен-ақ екі санын шапақтап ішек сілесі қата күлді. Жұрттың бәрін күлкіге қарық қылғанына масаттанған Назаров орамалымен көзін, маңдай терін сүртіп, бокалын жоғары көтергенде жігіттер күлкілерін кілт тыя қойды. — Адам ұлы қолбасшы, ұлы ақын, ұлы ғалым болуы мүмкін, бірақ мәдениетті бола бермейді. Мәдениеттілік пен ізеттілік — адам бойындағы ең бір асыл қасиет. Мен, жолдастар, Жамал Сағатовнаның бойындағы осындай туа біткен асыл қасиеті — сымбаты мен парасатының адам таңғаларлықтай үйлесе біткені үшін тағы бір тост көтергім келеді. Қане, Жамал Сағатовна, сіз үшін. — Рахмет, шексіз ризамын, — деді Жамал бокалдағы шампаннан аз ғана ұрттап. — «Мичман Панин», сен немене, төңкеріп салғансың ба? Мына теплоходты қайтпексің? — Жоқ, жолдас капитан. Аузыма бір тамшы да алғам жоқ. — Алдыңдағы стакан неге босап тұр? — Соған өзім де түсінбей тұрмын, жолдас капитан. Соған қарағанда бұған еш нәрсе құйылмаған болуы керек. — Сен бар ғой, «Мичман Панин», мынау теплоходымыз теплоход болмай, арба болса, баяғыда аударып тастар едің, ә? — Арба сумен жүре алмайды, жолдас капитан. — Тіліңе қотыр шықсын сенің, «Мичман Панин». Бар, теплоходты жағаға қарай бұр. Ай-Петриге. — Соңғы сөзді айтқанда Назаров «бәрі де сіз үшін ғой» дегендей Жамалға қарап қойды. Арада бір сағаттай өткенде «Челлюскин» Ай-Петридің қарсы алдына, әйгілі Воронцов сарайының оңтүстік фасадының дәл маңдай тұсына кеп жүрісін баяулатты. Төңірек көк жасыл түске боялған, сол көк жасыл әлемнен көкке қарай мойнын созып, бар дүниеге асқақтай қарап Ай-Петри тұр. Мына шетсіз де шексіз тылсым теңіз сияқты, оған қараған сайын Жамал да түпсіз ойға шома береді. Күнде айғай салғанда қың етпейтін осы бір керең-мылқау ақ жартастың адам қиялын шартарапқа жетелеп, жан түбінде тұнып жатқан әрқилы ойларды қозғай алатын қандай қасиеті бар екенін Жамал түсінбей-ақ қойды. Дәл осылай маңқиып ол қанша уақыт тұрады екен? Қанша мың, қанша миллион, қанша миллиард жыл? Бәлкім, ол мәңгілік деген ұғымның тетелесі де шығар? Дәл осы қаңқиған ақ тауға дәл осылай, Жамал сияқты кімдер қарамады, кімдер ойға батпады, кімдер қуанбады? Аяғымен жер басып, тоқ жүрген бейғам адам мына жалғанда өзінен өзге құдірет жоқтай, тамның басына шыққанына мәз болып, өзін бар дүниенің қожасындай сезінетініне бір сәт күлесің, осы ұлы жаратылысты өзіңе табындырмақ болғаныңа іштей қысыласың. Жамалдың көз алдындағы көрініс бір сәтке ғайып боп, оның орнына қап-қараңғы дауылды түн, тақтайға жабысқан екіқабат әйел елестеді. Дәл қазір ол байғұстың ойына сұрапыл өлім қаупінен басқа не келіп, не кетіп

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13