АЙ-ПЕТРИ АҚИҚАТЫ

жатыр еді, Жамал тік қадалған салқын көзқараспен оның сөзін кілт үзіп тастады. — Не, сіз ренжіп қалдыңыз ба? Байқамай көңіліңізге тисем ғафу етіңіз! — О не дегеніңіз, — деді Жамал зорлана күлімсіреп, аппақ орамалының бір ұшымен ғана көзінің алдын құрғатып. — Кешірім сұрайтындай сіздің не кінәңіз бар? Қайта сіздерді жұмыстан бөліп, осынша әбігерге салғаным үшін мен кешірім сұрауым керек. Назаров көзін қулана сығырайтып Жамалға аз-кем қарап тұрды да: — Дегенмен айтыңызшы, ол не? — деді бір-бірінен сыр жасырмайтын сенімді адамның үнімен дауысын ішке тарта сөйлеп. Жамал енді өзіне-өзі толық келген адамның қалпымен иығын қозғап, жайдарлана күлді де: — Е-е, ол бір ұзақ әңгіме, — деді терең дем алып. — Сіз оны айтқанмен түсінбейсіз. — «Түсінбейсіз» деген сөзді Назаров көңіліне алып қалды ма деген оймен ол өз сөзіне ізінше түзету енгізді. — Керек десеңіз, оны өзім де түсіне бермеймін. Әлде қиял, әлде түс сияқты буалдыр бірдеңе… — Онда өзіңіз біліңіз, Жамал Сағатовна. Әйтеуір бізге өкпелеп жүрмесеңіз болғаны. — Ол білдірмей сағатына қарап қойды. — Қалай, тағы біраз аялдайық па, әлде қозғаламыз ба? — Әрине, әрине қозғаламыз. Сіздер онсыз да үш сағат уақыттарыңызды жоғалттыңыздар, — деді Жамал тап қазір теплоходтан түсе салып, жүріп кетуге жиналған адамдай жіңішке баулы сумкасын иығына асығыс асып. — «Мичман Панин». — Назаров палубаның төменгі жағына қарап дауыстады да, ол жақтан жауап күтпей-ақ, жарлығын айта бастады. — Кеттік қалаға. Өткен жолғыдай Ай-Петриді жағаламай жүр. Ай-Петридің жанына жақындағанда Жамал ақ жартасты тағы да әлденеше рет суретке түсірді. Теңіздегі серуен тамаша өтті. Жамал Назаровқа, теплоходтағы өзге де жігіттерге көп-көп рахмет айтып, кезекті серуенді келесі сәрсенбіге белгілеп, корпусқа оралды. Бөлмесіне кеп, фотоаппараты мен сумкасын киім ілгішке ілгенде, өзінің кәдімгідей шаршағанын, денесі салқын төсекті қалап тұрғанын сезді. Ол душ қабылдап болған соң үстіне халатын киіп, бір сағат алаңсыз ұйқыға кіріспек боп өзі кеткенде ғана ауыстырылған ақ сейсепті ерекше ләззатпен көтере бергенде, терезе жақтағы журнал столының үстінде тұрған гүл шоғын көрді. Жамал таңданғандай аз ғана қимылсыз тұрды да, оның қасына келді. Жеті тал қалампыр гүлі екен. Гүл шоғының арасында тілдей ғана қағаз жатыр. Жамал оны қолына алды. «Құрметті Жамал Сағатовна. Сізді өміріңіздегі қуанышты күніңізбен — сүйікті жұбайыңыз Заманбек Акимовичтің туған күнімен құттықтаймыз. Сол қуанышты біздің семьяның дастарқанында, бүгін, 16 июль, кешкі сағат 19.00-де атап өтуге шақырамыз. Федорчуктер семъясы». Санаторийдің бас дәрігері жазған мына бір тілдей қағаздың алдында Жамал қатты қысылды. «Япыр-ай, мен оның туған күнін қалай ұмытып кеткенмін? Кеше ғана емес пе еді, құттықтау телеграммасының тексін жазып қоймақ боп ұмтылғаным?» Олардың семьясында туған

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13