АЙ-ПЕТРИ АҚИҚАТЫ

күнді тойлау, оған дуылдатып мән беріп жату салтқа айналмаған-ды. Жастық өмірдің сонау алғашқы шақтарында-ақ Заманбек бұл оқиғаға салқын қарайтын. «Несі бар? Ал тудым, келдім өмірге, енді соны жыл сайын дабыл қағып өткізуім керек пе? Бұл тіршілікке кім келіп, кім кетпеген, оның неменесі қуаныш? Менімше, осы қуаныш пен құттықтаулардың ар жағында жасандылық жатады» деп, өзге жұрттардың бір-бірін өтірік күлкімен құттықтап жататындарына жаратпай қарайтын. Алыс жақта жүрген соң Жамал оған телеграмма салмақ боп ойланған еді, бүгінгі серуен күйеуінің туған күнін де естен шығарып жіберіпті. Сонда да болса бүгіннен қалдырмай телеграмма салмақ боп қайта киінді. Сол күні кешке ол Федорчуктердің үйіне қонаққа барды. Олардың дастарқанында санаторийдің белді қызметкерлері, жергілікті басшылардан да екі-үш кісі болды. Жамалдың өз басына, семьясына, күйеуінің денсаулығына арнап әлденеше рет тост көтерілді. Кеш әрі көңілді, әрі мағыналы өтті. Санаторийдегі алғашқы он күннің қалай тез өте шыққанын Жамал байқамай да қалды. Алдын ала келісім бойынша Жамалдың қайтуына бір жетідей уақыт қалғанда Алматыдан Заманбек те келмек еді. Биылғы жылы Қазақстанда ауа райы өте құбылмалы болып, әсіресе көктем айларында мал мен ауыл шаруашылығына көп қолайсыздық тудырып кетті. Соның салдарынан Заманбек кезекті демалысын түгел пайдалануды өзіне ыңғайсыз санап, бір жеті ғана уақытқа Қара теңіз жағалауына келіп кетпек боп шешкен. Жамал кеше үйімен сөйлескенде ол жоспардың әлі бұзылмағанын, оның келуге дайындалып жатқанын естіп іштей қуанған, Жамал ғана емес, бұл хабарды естіген өзге кісілер де қуанды. Жамал ашық теңізге әлденеше рет серуенге шықты. Әлденеше рет Назаровтың теплоходтағы дастарқанынан дәм татып, әлденеше рет мақтау сөз естіді, әлденеше рет Ай-Петриге үнсіз қарап тұрып, талай рет сан түрлі ойға шомды. Кезекті бір сенбі еді. Бүгін ауа райы желкемді болып, теңіз бұларды жақтырмағандай мінез танытқан соң олар көп кешікпей жағаға оралды. Түскі тамаққа дейін әлі бір жарым сағаттай уақыт бар. Жамал еш нәрсе алмайтынын білсе де, уақыт өлтірмек боп дүкендерді асықпай аралап, екіге жиырма минут қалғанда такси аялдамасына келді. Сол сәтте оның алдына кеп ақ «Волга» көлденеңдеп тұра қалды да, ашық терезеден ер адамның: «Жамал Сағатовна, отырыңыз», деген қомақты даусы естілді. Жамал сонда ғана таныды: өткен жолы Федорчуктің дастарқанында бірге болған Николай Сергеевич екен. — Ә-ә… сәлематсыз ба? — деді ол абдырап. — Сіздерді жолдан қалдырармын. — Оқасы жоқ, Ялта кішкентай қала, үлгереміз, — деді Николай Сергеевич Жамалға алдыңғы жақтағы орынды көрсетіп жатып. Санаторий корпусына жеткенше олар ауа райы, көшелердің тарлығы, жолдамасыз «жабайы» адамдардың қаптап кеткені жайлы ұсақ-түйек нәрселерді сөз етті. Әр нәрсенің басын бір шалып отырғанда олар санаторийге жетіп қалды да, Жамал рахмет айтып, түсіп кетті. Неге екені белгісіз,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13