ЕСКЕРТКІШ

Аудандық партия комитетінің секретары Жанайдаров ертеңгілік кабинетіне келіп, шешініп, шашын тарап, иығына түскен ақ қайызғақтарын сілкіп, креслосына отыра бергені сол еді, оң жақ бұрыштағы телефон оның отырғанын күтіп тұрғандай аяқ асты безілдеп ала жөнелді: «Межгород» деді іштей Жанайдаров трубканы тез құлағына тосып. –Алло, – деді ол дауысын әрі шаршаған, әрі таң атпай жұмыстан басқаны ойламай отырған іскер адамның мақамына салып маңыздана… – Тыңдап тұрмын! Жанайдаров! Ә-ә, сәлеметсіз бе, Тұрсын Сатанович! – Оның әлгіндегі самарқау маңғаздығынан тұқым да қалмай, трубканың ішіне еніп кете жаздады. –Қалай, денсаулығыңыз жақсы ма? Тымауратып қалды деп естіп ем, көктем ғой, бұл ең бір алдамшы да қиын кезең. Жылы киініп, сақтанып жүрсеңізші. Сақтанып жүрсеңізші деймін. Суықтан да… Иә! Есімде. Білгенде қандай! Ескерткіш? Ескерткіш… Ол… тұр… Тура тері илейтін комбинаттың алдында. Жақсы… жақсы! – Жанайдаров жылан сорып жатқан құрбақадай табан асты шала-жансар күйге көшті. –Келсін… Келсін… Күтеміз… Сіз де келесіз бе? – Оның даусына діріл араласты. –Ойбай-ау, онда… әрине, қуанамыз. Қашан? Бүгін кешке? Қайдан? Қалай-қалай? Англиядан? О, құдай сақ… құдай сақт… – Жанайдаров өзіне-өзі келем дегенше ана жақтағы адам трубканы қойып үлгерді. – Құдай ұрды деген осы!–деді ол дұға оқығандай күбірлеп. – Бұлай болады деп кім ойлаған! Бұл ағылшындардың да жүрмейтін жері жоқ. Нелері бар десеңші, жердің ана шетінен жердің мына шетіне қаңғып! Отырмыз ғой осы, Англия түгілі Алматыға да бара алмай! Ол орнынан қалай тұрып, кабинет ішінде екі қолын артына ұстап, қалай сенделіп кеткенін өзі де сезбей қалды. Телефон трубкасынан шыққан белгісіз бір күш оны орнынан жеп-жеңіл көтеріп алды да, оп-оңай сенделтіп жібере қойды. Ол кабинет ішінде сенделіп жүрген кезінде оның не себепті сенделуге мәжбүр болғанын айта кетейік. Бұл аудан – ежелден малды аудан. Тіпті, революцияға дейін бұл жердің аты малмен шыққан. Малы көп болған соң бұл арадан ет комбинаты салынған. Ет комбинаты салынған соң, әрине, тері илейтін комбинаттың қажеттігі келіп туатыны белгілі. Сөйтіп, бұл жерден алғаш рет тері илейтін шеберхана ашылады. Сол шеберхана Қазақстандағы тері өңдеу өнеркәсібінің тұңғышы боп шығады да, бертін келе еліміздегі ең ірі комбинаттардың біріне айналады. Былтырғы жылы сол комбинаттың жүзжылдық мерекесіне аудан, облыс, қала берді республика боп қызу дайындалды. Дайындық үстінде комбинат жұмысшыларымен әртүрлі кездесулер, радио және телехабарлар ұйымдастырылып, артистер мен жазушылар да келе бастады. Сондай кездесулердің бірінде Алматыдан келген бір жазушы мінбеге шығып алып: «Біз еңбек адамдарын құрметтеуді ұмытып барамыз. Бір қарапайым жұмысшыға тағзым етуіміз керек. Осы комбинаттың ірге тасын қалаған кім? Алғашқы шеберхананың иесі кім? Сол алғашқы тері илеушіні тауып алып, оған комбинат алдында ескерткіш қою керек. Бұл қарапайым еңбек

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14