«ТАЛАХАН-186»

Егер еріншектіктен дүниежүзілік жарыс өткізілетін болса және оған ерінбей қазақтар да қатыса қалса, халықаралық қазылар алқасы бас жүлдені ойланбастан қазақтарға беретініне өз басым бәс тіге аламын. Өзге халық ат шаптырым жерден әкпішпен су тасып өзіне алданыш боларлық көгеріс егеді, ал қазақтың үйін сел алғалы жатса да, жерге еңкейіп шыбық қадамайды, сөйте тұрып, әкпішпен су тасып ауласын көгертіп отырған басқа ағайынды мазақ қылады, «азат басын қор қылып, тамағын жерден іздеген бейшара» деп оған жаны ашиды, мүсіркейді. Көктемде өкімет жұрттың бәріне жер береді, бергенімен қоймай сутегін айдап береді. Қазақ жәкем барып әлгі жерге жаппай жүгері шашады да, асығыс үйіне қайтады. Әлгі атшаптырым жерден әкпішпен су таситын ағайын сонда түнеп қалады. Ол бірнеше күн бойы үйіне келмейді. Бір-екі айдан соң «жерге тәуелсіз қазақ «бір жаққа ағайыншылап бара жатып егіс басына ұрын келеді ғой. Сол кезде тақта-тақта түс киіздей құлпырып тұрған әлгі ағайынның жері мен қазақтың дәл өзі секілді басы бірікпей, «шықсам ба, шықпай-ақ жата берсем бе екен» деп әр жерден ербие қылтиып тұрған тәкаппар жүгерілерді көреді де, сілейіп тұрып қалады. Сілейіп қашанғы тұра берсін, сәлден соң бұл көрініске өзінің ақтық бағасын береді: қатырып тұрып, бір әрпін қалдырмай, бастықтың әке-шешесін жуық арада не істейтінін екі-үш рет нықтап айтып шығады. «Құдайдың қара жерін алалап, анаған жақсысын, маған жаманын «берді» деп бар кінәні айдаладағы бастыққа жауып, өзін құлантаза ақтап алып шығады да, тектен текке кектеніп, атына қамшысын басып кеп қалады. Ойпаңдағы ауылдың әуселесі осындай болғанда, су шықпайтын қырдағы елдің «тәкаппарлығы» бұдан да зор: олардың «жерге тәуелсіздігі» сондай кейбіреулерінің балалары көгеріс дегенді еміс-еміс естігендері болмаса, көздерімен көруді өздеріне тең санаған емес. Аспандағы күннің жерге төніп, қырдағы қырық шақты үймен жекпе-жек шайқасып тұрған шағы. Маңайдан жөн сұрайтын тірі жан таппағанына ашуланған ызалы күн қолына түскен байғұс шілде қоңыздың жанын көзіне көрсетіп, шырқыратып жауап алып жатыр. Көктем өтісімен-ақ өгіз терісіндей тып-тықыр, көнтақа күйге көшкен адырлы дала от жанында қалған терідей жиырылып барады. Қоңыр салқын кездің өзінде мең-зең боп далаға әзер шығатын қазақтар сыртқа аяқ бассаң миың айналатын осындай шақта, кенеттен ауыл сыртындағы апан айналасына үйме-жүйме боп жинала қалды. Апан түбіне таң-тамаша боп үңіле қалғандарына қарап, бұл жерге космонавт кеп қонды екен, я болмаса, метеориттің бір сынығы түсті екен деп ойлап қалмаңыздар. Апан түбінде… помидор өсіп тұр еді. Иә, кәдімге күнде көріп жүрген помидор. Үш түп. Бірақ бұл өзге айғайындарына қарағанда мығым, бойшаң, сүйекті. Апан түбінде барлық ылғал мен қорек өздеріне ғана тигендіктен ол ауқатты қазақтардай асқақ та бейғам тұр. Қалың жапырақтарының арасынан қызара бастаған қос жұдырықтай екі-үш помидор сыртқа

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9