ұрлаған жоқ. Әне, ескерткіш орнында. Комбинат қызметкерлері оның қолына жаңа тері ұстатып та үлгеріпті, – деді Жанайдаров ұйқылы-ояу, немқұрайды үнмен. Джонс пен аудармашы жүректерін ұстап, теңселіп тұрып қалды. Олар машинаға отырып кеткен соң идеология секретары: –Әй, Әштен, ана шетелдіктің сумкасын қайтар. Бүкіл елді ұятқа қалдырасың, – деді жоғары қарап тұрып. –Оны сенен басқа ешкім алған жоқ. –«Адидас» деген сумка балама керек боп жүр еді… –Ертең қоймадан біреу емес, екеуін таптырып берем. Қайтар. –Жарайды,– деді ол тұғырдан түсіп келе жатып. Бірақ жаңа біржола ала келейін деп ем, әйелім сөмкені ашып көріпті де ішінен қатып қалған өзіміздің теріні көріп лақтырып тастапты. –Жаңа қолыңа ұстап тұрған теріні бере сал. Ол оған мөр басып қойды дейсің бе? –Дегенмен, 500 фунт-стерлингті алу керек еді. –Ол үсті-басын қағып, тұғырды қоршаған шынжыр қадасындағы сумканың ішіне теріні орап салды да, секретарьға ұстатты. –Ол ақшаның саған керегі жоқ, қазір шетел ақшаларын қабылдайтын дүкендер түгел жабылды. Оның орнына совет ақшасымен аласың. Ал енді үйіңе қайт. Біздің рұқсатымсыз ешқайда шықпа, не деп болады» Әштен үйіне, секретарь қонақ үйге беттеді. Жанайдаров шетелдік қонақтарды бастап жайлауға жүргелі жатқанда баяғы қызыл телефон тағы шар ете түсті. –Иә, Жанайдаров тыңдап тұр, –деді ол асығыс сөйлеп. –Не-ме-не? –Ол көзін жұмып, біразға дейін үнсіз қалды.–Болгариядан! Қашан! Ертең? Уһ! Жо-жоқ! Түнімен ұйықтаған жоқ едім, шаршап отырғандықтан шығар. Жарайды, күтеміз!.. Ол трубканы орнына қойып, көпке дейін өзіне-өзі келе алмай қимылсыз отырды. «Бұ кісі де қызық екен, –деді ол обком хатшысын кінәлап. – Тері илеушіге ескерткіш қойдық деп дүние жүзіне жарияланған ба? Қап, қайдан ғана дайын болды деп рапорт бере қойып ем. Енді Болгариядан делегация келе жатыр! Мына мүсіншілер бізді көрге тығып тынатын шығар, сірә! Екі көз, бір құлаққа бола осынша кешігіп!.. Сол қайдағы бір ескерткіштің екі көзі, бір құлағына бола басымыз кетер ме екен!» Жанайдаров аман-есен ағылшындарды шығарып салып, көңілін бір демдеді. Енді бір амалын тауып болгарларды аттандырып салса, ескерткіштің тұғыры жарылды деп ешкімді қабылдамауға бел буды. Мынадай масқараның беті ашылғаннан гөрі тұғырдың жарылғаны дұрыс қой. Ертесіне болгар делегациясы келгенде күн де жылынды. Бірақ бәрібір, жергілікті халықтан жасыру үшін де оларға Әштен-ескерткішті түнде көрсету керек болды. Қараңғы түсіп, ел аяғы басыла бергенде идеология секретары төрт-бес қонақты ертіп комбинат алаңына келді. Әштен болаттан құйылғандай қой терісін жоғары көтеріп, сіресіп тұр екен. Өткен жолғыдай емес, біраз тәжірибе жинап қалса керек, мығым да нық тұр, тіпті, социалистік ел ғана емес, бүкіл капиталистік дүние түгел жиналып келсе де, қыңқ ететін түрі жоқ. Мынандай айрықша ескерткішті көргенде болгар достар ауыздарын ашып, көздерін жұмды. Солардың