біреуі көзін ашқан кезде төменнен түскен прожектор сәулесімен шағылысып, Әштеннің қалтасынан жылтырап шығып тұрған бөтелкенің басын көріп сілейіп тұрып қалды. Әлден соң барып қасындағы жолдасының бүйірінен түртіп, күпәйкесінің қалтасынан қылтиып тұрған шишаны көрсетті. Қонақтардың арасында күдікті күбір-сыбырды естіп, идеология секретары көзінің астымен жоғары қарап еді, Әштеннің қалтасында жылтырап тұрған бөтелкені ол да көріп, жүрегі зу ете қалды. Ол күні бұрын келіскен шарт бойынша қасындағы нұсқаушыға бас изей қойып еді, ол да жалма-жан бұлардан сытылып шыға берді. Екі-үш минуттан соң прожектор жарығы өшу керек еді. Бірақ ол «ал көріңдер» дегендей бақшиып жанды да тұрды. Секретарь жалма-жан екінші нұсқаушыны жіберді. Бұл екі арада болгар ағайындар ескерткіштің қалтасында жылтырап тұрған не нәрсе деп жамырай сұрай бастады. Секретарь болса, ондай нәрсені өзінің де бірінші көріп тұрғанын, бәлкім, ол қатып қалған мұздың электр жарығымен шағылысуы шығар деп әртүрлі жауап айтып жатты. Электрощиттегі прожекторды өшіретін блок істемей қалыпты. Сонан соң екі нұсқаушы электромонтерды тауып алып, қалай болған күнде де прожекторды өшіру керек, жоғарыдан тапсырма солай деп оның жанын алқымға алды. «Өшіргішті жөндеу ең аз дегенде жиырма минут, әрі кетсе бір сағат» деді монтер. «Жоқ, бір минут, әрі кетсе бес минут!» деп зар иледі екі нұсқаушы. «Онда, бір-ақ жол бар, – деді ол. –Бір фазаға екінші фазаны қосу керек. Сонда прожекторлар күйіп кетеді», «Давай, –деді олар. – Күймесе құрып кетсін! Тек тезірек!» Олар осылай тапсырма берді де, секретарь жанын қоярға жер таппай жатқан шығар деп ескерткіш алаңына қарай жүгіре жөнелді. Олардың да алаңға жеткені сол еді, алты прожектор бірінен соң бірі тарс-тарс жарылды да, маңайды көрдегідей қараңғылық басты. –Жарайсыңдар!– деді секретарь ентігіп тұрған екі нұсқаушының арқаларынан қағып. –Тамаша оперативтілік таныттыңдар! Ал мына қонақтарды тез алып кетейік! Шетелдігі бар, шетелдік емесі бар, жарты сағаттан соң олар у-шу боп қонақ үйге оралды. Қолы іске бармай, кабинетінде жүрегі тайдай тулап сенделіп жүрген Жанайдаров, тағы бір сұмдықтың шеті басталып барып аяғы, әйтеуір ойдағыдай біткеніне қуанып креслосына шалқалап біраз отырды да, кенет идеология секретарының зәресін ала қарқылдап кеп күліп жіберді. Секретарь оқыс күлкіден селт етіп, орнынан тұрады. «Сізге не болды?» деп сұрау үшін бірнеше рет аузын ашып еді, Жанайдаров күлкісін тез арада тоқтата қоймады. Сонан соң ол орнына қайта жайғасып, бірінші секретарь әбден күліп болғанша асықпай күтіп отыра берді. Бір кезде Жанайдаров күлкісін тыйған бойы бірден сөз бастап жіберді. –Мұз дедіңіз, ә? –Ол жауап тоспай тағы күлді. – Қатып қалған мұз? Ескерткіштің қалтасында?! Уһ-уһ ішегім-ай! Қазір қайдағы мұз? Әне, – ол қабырғадағы барометрді көрсетті. –Плюс 9 градус! Ал сіз «қатып қалған мұз