шығар» дейсіз. Олар сенді ме? Сол кезде барып секретарьдың көңілі орнына түсті. –Сенсін, сенбесін, әйтеуір әңгімені дауға болса да бұра тұру керек болған жоқ па! Әй, Әштен-ай! Тұғырда тұрған жарты сағат үшін қалтасына шиша салып бармаса өлер ме еді! Ол да әбден басынды-ау! Қазір бірдеңе десең бетіңнен ала түсетін бопты. Түбімізге осы бәле жете ме деп қорқа бастадым. Кабинетке насихат бөлімінің меңгерушісі кіріп келді. –Сүйінші, мүсіншілер келе жатыр! – деді ол қуанғаннан аптыға сөйлеп. Екі секретарьдың екеуі де орындарынан тұрып кетті. –Рас па? – деді Жанайдаров. –Рас, –деді бөлім меңгерушісі. –Қазір ғана телефон соқты. Кран мен жұмысшыларды дайындап қойсын, ертең орнатуға кірісеміз деді. –Уһ, құтылдық-ау бәледен!– деді Жанайдаров терең күрсініп. – Барлық жұмысты тастап соған кірісіңдер!.. Тері илеушіге арналған ресми ескерткіш бір жетіден соң салтанатты түрде ашылып, шыдамы кеткен аудан еңбеккерлерінің де көңілдері бір демделді. Көзкөргендердің айтуына қарағанда, ол Әштеннен айнымаған, тіпті, екеуі қатар тұрса қайсысы ескерткіш, қайсысы адам екенін ажырату қиын бопты деп күліседі, бірақ бұл оқиғаға Әштен қуанбады, өйткені, ол енді ешкімге керек болмай қалды. Тек бұдан бұрынғы оқиғаны айтып қоймасын деп аупарткомның шофері оған үш күнде бір рет «сарыағаштың суын» апарып беріп тұрады деседі.