ЕСКЕРТКІШ

адамына деген шынайы құрмет болады» деген. Жұрт ду қол соқты. Шапалақ ұзаққа созылды. Осыдан соң трибунаға шығушылар бірінен соң бірі әлгі жазушыны пір тұтып, тез арада ескерткіш салу керек деген пікір айтып, тіпті, осы кезге дейін алғашқы теріпұрыш жайлы ойламай келген аудан басшыларын дүйім жұрттың алдында жерден алып жерге салды. Сөйтіп, алғашқы тері илеушіге ескерткіш ашу жөніндегі ұсыныс облысқа, облыстан республикаға, республикадан Орталыққа кетті. Орталыққа аттанған қағаз аттай алты айдан соң ауданға арып-ашып қайтып оралды. Бұрыштамадан бұрыштама соғылып, бұрыштама соғатын сау жер қалмаған соң тілдей-тілдей сілтемелер жапсырылып, Жанайдаровтың алдына әулиенің басындағы шеңгелдей сәусілдеп әрең жетті. Қысқасы, ескерткіш салу мәселесі әупірім тәңіріммен шешілді. Енді, ескерткішті түгел бойымен қою керек пе деген сұрақ туды. «Артистер мен жазушыларға ескерткішті отырғызып та, тұрғызып та, жамбастап жатқызып та саламыз, ал еңбек адамының белінен төменгі жағын кесіп тастағанымыз ұят болар» деп, ақыры, оның тұла бойымен тұтас салуға шешім қабылданды. Шешім қабылданған соң Алматыдағы Суретшілер одағына құлаш-құлаш хаттар жолданып, «осылай да осылай, бізге жақсы бір мүсінші жіберіңіздер» деген өтініш айтылды. Бір жетіден соң Алматыдан екі мүсінші кештетіп жетіп келді. Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі келіп, мүсіншілердің қабылдау күтіп отырғанын хабарлады. –Кірсін, – деді Жанайдаров галстугін түзеп. Кабинетке көздері шөлдің құдығындай шүңірейген, сақалдарының ар жағында не нәрсе жатқаны белгісіз, бірі шашын өріп тастаған, екіншісінің шашы иығын жапқан екі жігіт кіріп келгенде Жанайдаров селк ете қалды. Екі сақал қол алысып амандасып болған соң Жанайдаровтың өздеріне сенімсіздікпен тыжырына қарап отырғанын көріп, олар документтерін көрсетті. –Дұрыс, – деді Жанайдаров олардан тез құтылғысы кеп. –Кірісе беріңіздер! –Сіздерге қашан керек? Жанайдаров «қашанға керек еді?» дегендей бөлім меңгерушісіне қарады. –Күзге, – деді бөлім меңгерушісі. – Жиырма төртінші октябрьге. Комбинаттың жүзжылдығын сол күні салтанатты түрде атап өту белгіленіп отыр. Соған дайын ете аласыздар ма? –Түк емес, –деді шашы өрілгені темекісін аузына салып. –Запырысты, – деді сырға таққан біреуі оған зажигалка жағып. Сонымен, мүсін қоюдың алғашқы жоралғы шарт қағаздары жасалып, екі мүсіншіге аванс берілді. Мүсін жасаудың ең қиын кезі енді басталды. «Мүсінді қалай жасау керек? Жай ғана жұмысшыны құя салу керек пе? Оның бет-пішінін ойдан шығару керек пе, әлде осы өңірдегі тірі ағайын-туыстарының бірінен көшіру керек пе? Ал оның ағайын-туыстарын қайдан іздеуге болады, олар осы өңірде бар ма, жоқ па? Жалпы, алғашқы тері илеушінің аты-жөні кім? Ол қашан туылып, қашан өлген? Түр-түсі, мінез-құлқы қандай еді? Тағы тағылар. Екі мүсінші осыларды анықтағанша екі ай өтті. Рас-өтірігін кім білсін, оның алыс туыстары да табылды. Олар тіпті, осы ауданда, дәл райкомның жанында тұратын боп шықты. Алғашқы тері илеушінің аты-жөні де анықталып,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14