тері илеу заводының өкілдерін ертіп облыстың хатшысы да келе жатыр. Олар бүгін кешке осында болады. Таңертең ескерткішті тамашаламақ. Ал қандай амал бар? —Ешкім ләм деп жақ аша алмады. –Ескерткішті түнде біреу құлатып кетіпті десек қайтеді?–деді шаруашылық бөлімінің меңгерушісі. –Ол қисынға келмейді, –деп қарсыласты ұйымдастыру бөлімінің бастығы. –Қылмыскерді тап десе кімді ұстап бермекпіз? Одан да шындықты айтып, кінәні мойындау керек. Бәлкім, ол кісінің өзі шетелдіктерге бір сылтау ойлап табар. –Онда бәріміз құрыдық емес пе, – деп секретарь оған оқты көзімен ата қарады. – Алдағанымыз үшін басымыздан сипай қоймас!.. Енді не істедік? Енді не амал бар? Ешкім ешқандай көңілге қонар амал айта алмады. –Мына бір жаңбыр да бәле боп тұрғанын қарашы, — деп мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі кенет қисыны жоқ бір әңгіме бастады. –Жаңбырдың бұған не қатысы бар?– деп насихат бөлімінің бастығы оған орынсыз сөз айтқаны үшін жақтырмай қарады. Жұрт қайтадан сілтідей тынды. –Мен әлгі сөзді тегін айтып тұрған жоқпын, – деді мал шаруашылығы бөлімінің бастығы. –Біз ғой ескерткішті дайын болды деп ақпар бергенмен оны ресми ашқан жоқпыз. Ол күні-түні жабық тұр. Ағылшын тері илеушілері мен облыстың хатшысы келген кезде ағаш діңкені алып тастап, орнына Әштеннің өзін қоя тұрайық. Олар көп болса он минут, ары кетсе жиырма минут көрер. Өзіміз де асықтырамыз ғой. «Сарыағаштың» суын жарты жыл бойы босқа ішті ме, қолына қой терісін көтеріп жарты сағат қимылсыз тұра тұрсын. Одан Әштеннің түгі де кетпейді. Олар кеткен соң секіріп түседі де, үйіне бара қояды. –Тіпті, түспей-ақ сонда тұра берсе қайтеді, – деді жалпы бөлімнің бастығы күліп. –Үйіне түнде-түнде барып кеп тұрар. Ал оның орнына тағы сондай бір сантехник тауып алармыз. Өлік шығарғандай тым-тырыс отырған жұрт ду күлді. –Жолдастар, күлкіні қоя тұрыңдар, –деп ашу шақырды Жанайдаров. – Қазір күлетін кез емес. Ал тағы кімде қандай ұсыныс бар? –Көп бас қатыратын ештеңе жоқ. Жаңағы ұсынысты қабылдау керек, –деді мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі өз пікірін өзі қолдап. Жанайдаров мектеп пен мұғалімді алғаш көріп отырған бірінші класс оқушыларындай тым-тырыс бола қалған бағыныштыларының алдында басын ұстап әрлі-берлі жүріп кетті. –Менімше, әлгі ұсынысты қабылдау керек-ау, – деді ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. –Бізде басқа амал жоқ. «Әштенді тұғырға қою керек пе, керек емес пе? Қоя қалған күнде шетелдік тері илеу шеберлерінің алдында ол жөтеліп, немесе түшкіріп қалып жүрсе, одан арғы күніміз не болмақ?» деген сияқты толып жатқан сауалдарға тұс-тұстан әртүрлі жауаптар айтылған соң, аудан басшысы да ойланып қалды. Ақыры бұл мәселе дауысқа салынды. Сөйтіп, бюроның шешімі бойынша Әштен жарты сағат тұғырға өзі кеп тұратын болды. Қонақтар бүгін кешке келіп, таңертең