ескерткішті көруі керек. Сондықтан төрт-бес адам Әштенді ашуландырып алмай, қытығына тиіп алмай жақсылап сөйлесіп, қамырдан қыл суырғандай оны майда тілмен білдіртпей көндіруге тиіс болды. Олар «Время» біте берген кезде Әштеннің үйіне сау ете түсті. Әштен «Сарыағашын» ішіп алып жатып қалған екен. «Райкомнан адам кеп тұр» деген соң әзер басын көтерді. Жігіттер жан-жақтан анталап, «солай да солай» деп болған жайды түгел түсіндірді. Алдады, үгіттеді, қорқытты, жалынды, әйтеуір Әштенді жарты сағат ескерткіш боп тұруға көндірді. Ол «жарайды» деген кезде аупартком нұсқаушылары иықтарынан тас түскендей кеуделерін көтеріп, маңдай терлерін сүртті. –Бірақ жарты сағаттан асса, ағылшын-мағылшыныңа қарамай секіріп түсем де кете берем,–деді ол қырсық мінезін көрсетіп. –Байқа, обком хатшысы да болады. –Болса қайтейін. Хатшы болса өзіне хатшы. Осы уақытқа дейін бір мүсінді дайындауға ықпал ете алмаған хатшының кісімсігені кімге керек?–деді Әштен нұсқаушылардың зәресін одан бетер алып. Қонақтар үш машина боп дәл айтылған уақытта келді. Олар мейманханаға жайғасып болған соң кешкі ас берілді. Екі жақтың басшылары сөз сөйледі. Ағылшын делегациясының бастығы тері илеушіге алғаш ескерткіш қойған совет адамдары мен басшыларының тапқырлығына, тарихқа деген зор да нәзік махаббатына, қарапайым еңбек адамына деген айрықша ықыластарына, қамқорлықтарына, көркемөнерге деген сүйіспеншіліктері мен білгірліктеріне мейлінше разы екендіктерін айтып, солардың денсаулықтары үшін тост көтерді. Біздің жақ та қарап қалмай обком хатшысы жауап сөз сөйлеп, белгісіз жұмысшыға қойылып отырған ескерткіш дүние жүзінде бірінші екенін, бұлай ету тек социалистік қоғамда ғана мүмкін бола алатынын, капиталистік мемлекетте олай болмайтынын, бұл секілді ескерткіштің басқа еш жерде емес, жер шарының дәл өздері тұрған нүктесінде бой көтергеніне басы өзі боп қуанатынын және қарапайым жұмысшыға ескерткіштер қою мұнымен шектеліп қалғалы отырмағанын, аудандық партия комитеті бұдан былай да белгісіз сиыршылар мен бұзаушыларға, жылқышыларға, шошқашыларға т.т. толып жатқан құрметті мамандық иелеріне «кеудеден жоғары бюстер мен кеудеден төменгі жағы да қамтылған толық қанды бейнелер» жасауды жалғастыра беретінін айтқанда ағылшындар жағы ду қол шапалақтап, аупартком жағы үнсіз қалды. Сөз соңында ол ертеңгі программаның өте тығыз екендігін, сондықтан ескерткішті көру бүгінге, тура кешкі асты ішіп болған соңғы уақытқа белгіленіп отырғанын хабарлады. Ағылшындар жағы программа бойынша ескерткішті көру ертеңгі астан кейін екенін, жалпы, өнер туындысын түнде көру сыпайы тілмен айтқанда «көргенсіздік» болатынын түсіндіріп көріп еді, аудан басшысы сол «көргенсіздікке» амалсыз барып отырғанын, олай болмаған жағдайда осыдан жетпіс шақырым жайлауға барып келуге үлгірмейтіндіктерін, және де қолына тері ұстаған адам жобасындағы гипске қарай бергеннен гөрі жайлаудағы тірі малшылармен сөйлесіп, таза ауада жаңа сойылған қойдың етінен өз қолыңмен шашлық жасап жегеннің әлдеқайда артық екенін, ал комбинат алдында тұрған ескерткіштің жан-жақтан түсірілген фотосуретін әрбір делегация мүшесіне сыйға тартатындықтарын