айтқанда шетелдіктер дән разы боп шу ете қалды. Демек, қолдады деген сөз. Бұлар тамақ ішіп отырғанда баяғы төрт-бес жігіт Әштеннің асты-үстіне түсіп, программада аздап өзгеріс боп қалғанын, тұғырға көтерілу ертең емес, бүгін түнде болатынын, расына келсе күндіз тұрғаннан гөрі түнде тұру моральдық-психологиялық жағынан әлдеқайда тиімді болатынын оған әрең түсіндіріп, әрең көндірді. Ең қуаныштысы – Әштеннің көнгені болды. –Жарайды, – деді ол кереуеттің басында тұрған шалбарына қол созып. –Райком үшін көндім! –Бірақ бұл жөнінде жан адам білмейтін болсын. Тіпті, әйеліңізге де тіс жармаңыз. –Ол үшін не болады? Жігіттердің бірі оның қолына конверт ұстата қойды. Әштен конверттің аузын ашып ішіне үңіліп қарады да, кигелі жатқан шалбарының қалтасына сұға салды. –Үшеу, – деді конверт ұсынған жігіт. – Кейін тағы екеуін аласың. –Аз емес пе? –Қанағат керек, – деді екінші жігіт шарт етіп. —Жарты сағатта бес жүз сом! Ол сенің төрт айда табатын табысың. Әштен бір аяғын сұғып қойған шалбарын қайтып шеше бастады. Конверт ұсынған жігіт оның шалбарына жата кеп жабысты. –Ойбай, әке-көке! Шалбарыңды шеше көрме, кие ғой. Ол әшейін айтып тұр. Аузынан байқамай шығып кетті. Солай ма?– деп әлгі жігітке дүрсе қоя берген боп «тыныш» дегендей көзін қысып қойды. –Иә, мен әншейін айтып тұрмын, – деді ол қулана қойып. –Шынында да, ол сөздің аузымнан қалай шығып кеткеніне өзім де таң қалып тұрмын. Әштен екінші балағын сұға бастады. Ақыры олар Әштенді ұзатылған қыздай киіндіріп, екеуі екі жағынан сүйемелдеп үйден алып шыққанда «уһ» деп демдерін бір-ақ алды. Олар табалдырықтан аттай бергенде әйелі: –Бұны қайда апарасыңдар түн ішінде?– деді. Әштен оған жалт қарады да: –Араласпа райкомның тірлігіне! –деп шығып жүре берді. Ағылшындар комбинат алаңына келгенде Әштен де тұғырға шығып, образға еніп, қолындағы кепкен қой терісіне тесіле қарап тұрған еді. Тұғырдың жан-жағынан түскен прожектор сәулесі «ескерткіш» тұлғасын шынында да алып та сұсты ғып көрсетеді екен. Оның жанына келген кезде Жанайдаровтың өзі де мынадай көрініске қайран қалды. Ағылшындар ескерткішті шыр айналып, оның тамаша жасалғаны жайлы ең асқақ сөздерін аямай жаудырып жатты. Олардың аузынан «ғажап», «сирек құбылыс», «тамаша», деген сөздер естілген сайын Жанайдаровтың жүрегіне ине шаншылғандай өне бойы ду-ду ете түседі. –Көп аялдамастан тез алып кетіңдер! – деді ол идеология жөніндегі секретарьдың жанынан өте беріп өзгелерге білдіртпей. Жанайдаров аспанға қарап күрсінгенде аузынан ақ бу бұйдалана жөнелді. Сонда барып ол түстен кейін басталған жаңбырдың арты қарға айналғанын, олар прожектордың өткір сәулесін тынымсыз сабалап тұрғанын, Әштеннің белі буылған қара күпәйкесінің иығына ақ «погон» үймелеп қалғанын көрді. Сонда барып ол бетіне қиғаштай соғып тұрған қарға қасқая қарап, міз бақпай тұрған Әштеннің қайсарлығына