разы боп, оған іштей жаны ашыды. Райком секретары қанша асқтырғанмен шетелдік қонақтар ескерткішті айналшықтап шықпай қойды. Олар постаменттің тасы қайдан әкелінгенін, бұл жерге қашан қойылғанын, тері илеушіге ескерткіш қою идеясы алғаш кімнен шыққанын, суретшілердің басқа шығармаларын қай жерден кездестіруге болатынын, жалпы, олармен сапар аяқталғанша тілдесуге мүмкіндік болар-болмасын сұрап, Жанайдаровтың әбден діңкесін құртты. Оларға қар аралас жаңбырдай өтірік-шыны аралас жауап беріп жатқанда, қас қылғандай обком хатшысы да қастарына кеп әңгімені ұйып тыңдай қапты. «Құдай сақтай гөр»,– деді ішінен Жанайдаров өз өтірігінен өзі шошып. –Аяғы насырға шаппаса болғаны. Қайдан ғана бастай қалып едік мынадай алмағайып істі!» –Жалько! Очень жалько!–деді ұзын бойлы ағылшын фотоаппараттың шынысын орамалымен сүртіп жатып. –Ол неге өкініп тұр?– деді Жанайдаров аудармашыға. –Ескерткішті күндіз көрмегендеріне өкініп тұр, – деді аудармашы. –Сіз оларға түсіндіріп айтыңыз. Бізді тағы бір дастарқан күтіп тұр. Көп кешіксек ұят болар,– деді идеология секретары жалынғандай үнмен. –О-о! Тастархан!– деді ұзын ағылшын қатты айғайлап. –Опият тас-тар-хан! –Иә, –деді идеология секретары олардың назарын ескерткіштен гөрі өзіне аударғысы кеп көңілдене. –Қазақтар етті түнде жегенді жақсы көреді. Аудармашы жалма-жан оларға бұл сөзді де жеткзді. –О-о! Шкотланд… Я шкотланд! Ми тоже лубимь ношью кушаит, – деді екінші бір ағылшын. –Мұның арғы тегі –шотландық. Шотландықтар да етті түнде жеуді жақсы көреді, егер бар болса деп тұр, – деді аудармашы сөзінің аяқ жағын ағылшын айтып кеткен оның сөзін толық аударып. Олар мәз боп күлді. Обком хатшысы олармен қоштасты да, орталыққа жүріп кетті. Қоштасарда Жанайдаровты сәл оңаша шығарып: «Ескерткіштерің жақсы екен. Адамдарың тірі секілді, тура өмірдің өзінен алынған!» – деп мақтап кетті. «Иә. Тырыстық қой»,– деді Жанайдаров не айтып тұрғанын өзі де білмей. Оның машинасы көзден таса болғанда, қонақтардың бірі кенет шыңғырып жіберді. Жұрт оған дүрліге қарады. Фотоаппаратын суретке түсіргелі көзінің алдына апара берген шотландық ағылшын жоғары қараған бойы аузын ашып қатыпты да қалыпты. –О! О! – деді ол сұқ саусағын ескерткішке қарай созып. Бір бәле болғанын ұққан Жанайдаровтың кеудесінен жан кетіп қалды. Шотландық ағылшын отандастарына әлдене деп сарнай жөнелді. Жанайдаров та болары болды дегендей басын жоғары көтеріп еді, Әштеннің қолындағы қой терісі үйріле соққан желмен тербеліп тұр екен. Ескерткіш басында у-шу басталды да кетті. Бәрі Жанайдаровты қоршап алып, сұрақ дегенді қардай боратты. «Бұл не? Ескерткіштің қолындағы тері неге қозғалады? Біз осыны рас көріп тұрмыз ба, әлде елес пе?» деген сияқты жауап бермеске болмайтын қиын сұрақтар қаптады. Жанайдаров жауап таба алмай секретарьға қарады. Ол өзін қоршаған бөлім меңгерушілеріне телмірді. «Тұғырға Әштеннің өзін қояйық» деп идея айтқан мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі көмекке келмегенде күн қараң еді.