Ол кенет: –Бұл – суретшілердің көркемдік шешімі, – деді ол жоғарыға қарап тұрып. – Тері илеушінің қолына гипс не қаңылтыр ұстатып қою тапқырлық емес, одан да табиғи тері ұтымды болады. Бізде не көп – тері көп. Комбинат қызметкерлері апта сайын теріні жаңартып отырады. Бұлай ету – көркемөнерді өмір шындығына бір табан жақындата түседі, – деді ол да не айтып, не қойғанын өзі де білмей. Шетелдік қонақтардың таңданысында шек болмады. Олардың бәрі аспанға қарап, желмен тербетіліп тұрған теріден көз алмады. Мүсіншілердің әрі қарапайым, әрі ғажайып тапқырлықтары туралы мақтау мен мадақтау сөздің взвод-взводы ағытылып, олардың бәрі мынандай теңдесі жоқ көркемдік шешімге қайран қап тұрған сәтте Әштеннің саусақтарынан жан кетіп, тербетіліп тұрған тері қолынан түсті де, төбеде ары-бері теңселе ұшып кеп, дәл ағылшындардың алдына жалп ете қалды. Шетелдік қонақтар сілтідей тынып, алдарында жатқан теріден көз алмай қалшиысты да қалды. –Әй, ит-ай, сәл шыдай тұрсаң қайтер еді, – деп кіжінді Жанайдаров қазақша. Қонақтар да, аудармашылар да түкке түсінбей, оның не айтқанын қайталап сұрады. Жауапты идеология секретары берді. –Өмірі түспейтін тері еді, дәл қонақтар келгенде ұятқа қалдырғанына қынжылып тұр, – деді ол да теріге үңіліп. – Жұмысшылар жөндеп қыстырмаған ғой. Осы кезде шотландық ағылшын аудармашыға қарап әлденелерді шұбыртып сөйлей жөнелді. Аудармашы иығын бір қозғап біраз үнсіз тұрды да Жанайдаровқа жақындап: –Теріні сіздер бәрібір апта сайын ауыстырады екенсіздер. Мынау жерге ғайыптан тайып түсіп қалды. Соны сувенир ретінде сатсаңыздар алар едім деп тұр. Бес жүз фунт-стерлинг төлеймін дейді. Сіз қалай қарайсыз?–деді аудармашы. Сәт сайын бір бәленің жақындап келе жатқанын сезген Жанайдаров пальтосының қалтасындағы тершіген саусақтарын бір-біріне үйкеп тұрып: –Тегін-ақ алсын, – деді үлкен жомарттық танытып тұрғандай күлімсіреп. Маналы бері орысшаның өзін түсінбей тұрған шотландық ағылшын аудармашы мен Жанайдаровқа кезек қарап: –О-о, какой тобрый русски! – деді оның тегін беріп тұрғанын бірден түсініп. –Ол орыс емес, қазақ, – деді аудармашы күліп. –А-а, та-та! Казак! – деп ол да күлді. – Бесплатно – это хорошо!.. Шкотланд лубит бесплатно!.. Олар дуылдап күліп жатқанда Әштен: –Қайтсаңдаршы, қатып қалдым ғой, – деді гүж етіп. Бұл сөздің тез айтылғаны сонша шетелдіктер ғана емес, тіпті Әштеннің отандастарының өзі дауыстың қайдан шыққанын жөнді аңғармай қалды. Бірақ бәрі де, әсіресе ағылшындар жағы, әйтеуір бір оқыс дыбыстың шыққанын, дыбыс қана емес, бүтін бір сөйлемнің жергілікті тілде айтылып өткенін сезіп, күлкілерін бір сәтке тыя қойды. Жападан-жалғыз тұрған адамды әлдекім құлағынан жай ғана шертіп өткенде қандай болса, олар да жан-жақтарына тап солай жалтақтап, күдікті ешкім көріне қоймаған соң ол жөнінде ешкім ештеңе дей қоймады. Шотландық ағылшын мың қайтара рахмет