БОНАПАРТТЫҢ ҮЙЛЕНУІ

жоқ» деп олар әулетімен Сырдың ар жағына көшіп кетті. Осыны айтты да Маркен есігін сарт жауып жүріп кетті. Төбелерінен жай түскендей бұлар бір-біріне қарап сілейіп тұрды да қалды. Сол күні түнде бұл хабардың рас-өтірігін анықтап білу үшін Әбдәшім құдалар ауылына бір жансызын аттандырды. Ертесіне ол қайтып келіп, анталап тұрған оларға: –Масқара болдық, рас екен! – деді салы суға кетіп. Ағайындар арасында дау-жанжал бұрқ ете қалды. Бәрі Әбдәшімді жерледі, «есек» деді, «шошқа» деді, «мисыз» деді, теңемеген жан-жануарлары қалмады. Оны біржола илеп болған соң баласына ауысты. Оны да «ит» деді, «шошқа» деді, «терің адамның терісі емес, доңыздың терісі» деп ұрысты. «Жалпы, біздің тұқымға тартпағансың» деп келіп, нағашы жұртына да тіл тигізіп өтті. «Төтенше комиссия» түнделетіп тағы бас қосты. Сол комиссияның шешімі бойынша ел-жұртқа масқара боп отыра берудің енді орынсыз екені айтылып, Әбдәшім ең жақын туыстарымен бірге Созақтың мидай даласына жеті отар қой алып, өз бетінше арендалық әдіске көшіп тынды. Көшкен кезде олар Бонапарт жатқан қараша үйді жұртқа тастап кетті, «барлық қырсық – осыдан» деп жорыды. Бұл екі арада Кашпировскийдің кезекті сеансы телевизордан тағы берілді. Сеанс кезінде ризашылық білдірген көп телеграмманың бірі етіп ол Бонапарттан барған мағынасы жат, сөзі бұлдыр телеграмманы оқып өзі де таң қалды. Телеграмма мынандай түрде беріліп еді: «Аса құрметті Анатолий Михайлович! Сіз–жер бетіндегі ең ұлы адамсыз. Сізге дүниежүзіндегі әрбір үй есігінің алдына бір-бір ескерткіш қоюлары керек. Мен, Бонапарт, әке-шешемнің салақтығынан үйленуге бір ай қалғанда сүндетке отырғызылып едім. Есебіміз бойынша ары кеткенде бір жарым жетіден соң жазылып, үйленуге жарап қалуым керек еді. Бірақ жағдай біз ойлағандай болмай шықты. Терім жаман ба, әлде Рәт ақсақалдың ұстарасы дезинфекцияланбаған ба, сүндетім үш жетіде де жазылмай қойды. Құдалар мен қалыңдығымның алдында енді масқара болғалы тұрған жерімде сіз мені құтқарып алдыңыз. Сіздің бір сеансыңыздан соң мен құлан-таза сауығып, атқа мініп шабатын болдым. Екі күннен соң қалыңдығымды әкелуге барамын. Сізге мың да бір рахмет. Қолыңыз тисе біздің ауылға келіңіз. Сізге табынушы –Бонапарт» Сеанс үстінде ештеңеге түсінбей Кашпировскийдің өзі де тұтығып қалды. –Ғажап! – деді ол әлден соң барып. – Жер беті ғажайыпқа толы деген осы. Жолың болсын, Бонапарт! Үйленуге көмегім тигені үшін аса қуаныштымын. Арада он күн өткен соң Әбдәшімнің жұртында қалған қараша үйдің сыртқы жағына қылжақбас жігіттер мынандай жазуы бар тақта іліп кетіпті: «Бұл үйде 1989 жылы 8 июль мен 28 июль аралығында Бонапарт сүндетке отырғызылған». Бұл жазуды көрген адам күлмей өтпейтін болды. Қазақ боп өмір сүру қызық сияқты.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10