Аспан айналып жерге түсердей шілденің шыжып тұрған кезі. Шақырайған күн минут сайын жерге жақындап келе жатқан тәрізді. Дала оты сөнбеген тандырдай аптап атып тұр. Әуе тымырсық. Лып еткен жел жоқ. Анда-санда ауыл арасынан тік көтерілген құйындар тыныш жатқан шөп-шаламдар мен теміржол жиегіндегі сары қағаздарды ту биікке алып шығып, ермек таппағандай құтырына ойнайды. Айнала жым-жырт. Осы маңдағы адамзат мекенінің бәрі де қаңырап қалған тәрізді. Сонау қыр басынан шаңын бұрқыратып бір машина қоңыз сияқты баяу жылжып бара жатыр. Бұл маңдағы тіршілік иелерінің бәрі де күйдіріп бара жатқан күн көзінен жан сауғалап, салқын үйлеріне әлдеқашан жасырынып еді. Тек станция кезекшісі ғана сары жалауын шошайтып поезд күтіп тұр. Міне, сонау алыстан сіріңке қорабы сияқты болып көрінген ұзын состав дүниені дүрліктіріп дәл бір қара жерді ойып түсердей сарылдап өте шықты. Бұл шуға Ақпан тұрғындарының үйреніп кеткендігі сондай, олардың кейбіреулерінен: «Әлгінде поезд өтті ме?» — десеңіз, сізді таңқалдыра «жоқ» немесе «білмеймін» деп жауап берер еді. Тіпті, олардың бесіктегі балаларына шейін терезені сықырлатып, бейнебір бірнеше секундтан соң үйдің бұрышын жұлып әкетердей боп көрінген поездың тасыр-тасырын елең қылмай пыр-пыр етіп ұйықтай береді. Көлеңкеде бір төбет тілін салақтатып, ысып бара жатқан дүниеге наразылық білдіргендей төңірекке немқұрайды қарайды. Түс ауып, күн райынан қайтқан соң, Ақпан жұртшылығы жапа-тармағай тіршілік қамына қайта кіріседі. Осы кезде шөп тасыған арбалардың салдыры, тұла бойыңды тітіркендіре шалғы қайраған дыбыстар, ерсілі-қарсылы өткен поездың гүрілі, сиырдың мөңірегені мен мастанған есектердің шиқылдай ақырғаны, бәрі-бәрі қосылып, шағын ауылды тіршілік әуеніне орап алады. Бұл ауыл қанша белгісіз болса да өз қуанышы мен өз күйініші өзгелердікінен бірде-бір кем соқпайтын дүбірлі түкпір. Бұл жердің жастары жетіліп, жан-жаққа құлаш сермей ұшып жатса, талқаны таусылған кәрілері осы атыраптың топырағында мәңгіге қалып жатыр. Дәл осы түкпірді іргелей өтетін момақан Арыс өзені көктем шықса буырқана тасып, ақпандықтардың апшысын бір-ақ уыс қылатын да күндері болатын. Ал жаз болса тайыздап, қайраңы көрініп жатады. Ақпан жұртшылығы мұнымен бірге тура осы жерден өтетін теміржол шексіз жердің бәрін аралап шығатынына, және оны жолмен өтетін поездардың бәрін де өз қолдарымен атқарып тұратындықтарына да мақтаныш етеді. Демек, қанша кішкене болса да, бұлардың да барлық жер бетіндегі тіршілік иелеріндей өз мақтанышы мен өз қуанышы, өз күйініші мен өз сүйініші бар екен. Бүкіл адамзат жиналып «тіршілік» деген бүтін бір ұлы ұғымды құрайтын қасиетті дүниенің бір ұшқыны осында да тыныстап жатыр екен. Сондықтан, үлкенді-кішілі уақиғаны бұл ауыл да бастарынан кешіруге тиіс еді. Үй алдындағы бастырма астында күн асқан сайын тақалып келе жатқан қарғыс атқыр кәріліктің хабаршысындай бурыл тарта бастаған шоқша сақылын жаймен сипап қойып, Мүсірәлі кемпірімен бірге