сол тіршілік, сол күлкі, сол мұң. Тек бір жарым айдан соң ғана бір қараша үй қызыл отау деп аталып, маңдайшасында: «Жолсы билер жасын кедлер» деген ешкімге түсініксіз бір жазу мен орысша боқтай алатын «көзі ашық» мұртты қазақ пайда болды. Әлгі қызыл полатнайда қандай сөз жазулы тұрғанын ол үш күннен соң кешке қарай он шақты қиқы-жиқы адамды жинап алып түсіндіріп берді. Сөйтсе, ол ұран екен. Ұран болғанда да кісінің зәре иманын ұшыратын ұран боп шықты. «Жойылсын байлар, жасасын кедейлер!» Міне, гәп қайда! Ал бұлар осындай үзілді-кесілді саяси ұранның астында үш күн бойы (!) мамыражай өмір сүріп келген! Жұрт жұмылып іске кірісті де кетті. Алты күннің ішінде бай жойылып, кедейлер ғана қалды. Келесі айда ұранның «Жолсы билар» деген жартысы өшіріліп, «жасын кедлер» деген екінші жартысы ғана қалды. Сөйтіп, бұл өңірде жаңа өмір – кедейлер өмірі басталды. Сол қатпа қара кемпірдің бүгінгі ұрпағы Әбдәшім қазір осы ауылда падашы. Оның он бір баласы бар, бесеуі қыз, алтауы ұл. Соның алтыншы ұлы, яғни, ұлдан кенжесі туылғанда бүкіл ауыл боп оның атын бір ауыздан Бонапарт қойды. Баяғы осы ауылда алғаш пайда болған орысша боқтай алатын мұртты қазақтың бүгінгі ұрпағы бұл баланы осылай атаса өте дұрыс болады деп шешті. Бонапарттың кім екенін біліңкіремей бір топ қиқы-жиқы қазақ дағдарып қалды. «Бонапарт – француз деген елдің патшасы. Олардың күшті әскері болған, бұл соның командирі,– деп дәлелдеді ол ойын. –Немене, балаң Бонапарттай болса тақияңа тарлық қыла ма?» Баланың әкесі Әбдәшім: –Тарлық қылмайды ғой, – деп күмілжіді. –Бірақ, тым шетел екен. Осы өзіміздің совет мәмләкәтінен сол сияқты ешкім жоқ па? –Бар,–деді осы ауылға алғаш орысша боқтауды үйреткен қазақтың тұқымы. –Котовски бар, Шорс бар, Чапай бар. Бірақ олардың бәрі қойылып жүр. Біз ешкімде жоқ жаңасын алайық. Өскесін балаң да бәрімізге риза боп жүрсін. –Тым шетел екен-ау… –Несі бар шетел болса! Ұлттық тар шеңберде қалмай кеңірек, биігірек ойлау керек. Олар да біздің аттарымызды алып жатыр ғой. –Қандай аттарды? –Бүкіл әмірика мен неміс елін алып қараңдаршы, Конрад деген фамилиядан аяқ алып жүре алмайсың. –Конрад? –Иә, Конрад! Ол кәдімгі сіз бен біздің руымыз! –Қоңырат па? –Енді қалай? Қоңырат! Қиядағы бір елдер бізді сыйлап, руымызды фамилия қылып алып жатқанда біздің томаға тұйық жатқанымыз ұят емес пе? Олар да ел, олар да мәмләкәт. Бонапарт та бір елдің азаматы. Есіте қалса ұрпағы қуанар, естімесе әруағы разы болар. Мұртты қазақтың бүгінгі ұрпағы логикалық жағынан жұртты жеңіп кетті де, Әбдәшімнің баласы Бонапарт деп аталды. Той тойланды, азан шақырылды, ат қойылып, ресми бекіп кетті. Әбдәшімнің сол кенже ұлы үйленетін бопты деген