хабар шыққан кезде шағын ауылдың жігіттері бір дүрлігіп қалды. Дүрліккенде, үйленген адамды көрмей жүргендіктен немесе Бонапарттың жігіт болғанына керемет қуанғандықтан емес, просто тойдың арақсыз өтпейтінін ойлап қуанысты. Жаушы жіберу, құда болу, бетке ұн жағысу, қызға белгі салу т.с.с. толып жатқан жоралғылар артта қалып, той күні белгіленді. Ерігіп жүрген ешкім жоқ, жұрттың бәрінің шаруасы бар, сондықтан той болатын күнді жұртқа күні бұрын хабарлау қажет болды. Сөйтіп, аттай бір айдан соң Бонапарт келіншегін алып келу керек боп шешілді. Тойға аттай бір ай қалғанда, кешке қарай Әбдәшімнің үйі кенет абыр-сабыр болды да қалды. Әйелдер сыбырлай сөйлесіп, ауладан балалар аласталып, иттер ұясына қуып тығылды. Айрықша күтпеген оқиға кезінде жиналатын ауылдың бес-алты шал-шауқаны мен көзқарақты төрт-бес еркегі Әбдәшімнің түпкі үйіне кіріп алып, ұзақ кеңесті. –Қырсық! – деді әлден соң орта жастағы Дөржан ашық тұрған терезеден жартылай шегілген папиросын шиыра лақтырып. –Туғаннан қырсық еді, әлі қырсығып келеді. –Масқара! –деді қәлпе шал көзін жұмып. –Енді ел-жұртқа не дейміз! – деді Дөржан терісіне сыймай. Дөржан – бұларға екі атадан барып қосылатын ағайын, яғни Бонапарттың немере ағасы боп келеді. Жас жағынан алғанда ол Әбдәшімнен бес жас кіші, бірақ, әкесі Әбдәшімнің әкесінен үлкен, сондықтан ол бұлардан өзін биік ұстауға, ақыл-кеңес беруге, керек жерінде дауыс көтеруге, тіпті, азаматтық право жағынан төмен тұрған бұлардың кейбір шектен шығыңқырап бара жатқан тентектеріне ауық-ауық қол жұмсап қоюына, тіпті, шешелерінен боқтауға да қақысы бар. –Құдд-аның құдіреті!…–деді Рәт ақсақал өзімен-өзі ақылдасқандай аспанға қарап. Жерге жайылған кең дастарқан төңірегіндегі адамдар тағы үнсіз қалды. Ауыр ойдан бәрінің еңселері түсіп, алдарына қойған кеседегі шайларының әлдеқашан суып қалғанына ешқайсысы да мән берген жоқ. «Төтенше комиссия» Әбдәшімнің үйінде ерекше оқиғаны талқылап жатқан шақта бүкіл ауыл колхоздың басқарма мүшелерінен бастап мектептің педсоветіне дейін дүрлігіп, сол жақтан келетін хабарға құлақ түрумен болды. Ауылды аяғынан тік қойып, құлақ біткенді қалқайтып кеткен не еді соншалықты? Мәселе… Қысқасын айтқанда, бір айдан кейін келіншек әкелетін боп отырған Бонапарт сүндетке отырғызылмаған боп шықты. Бұл күтпеген оқиға еді. Оның әсері төбеден жай түскеннен бір де бір кем болған жоқ. –Қап!–деп тағы бір күрсінді Дөржан ішін өртеп бара жатқан күйікке шыдай алмай. –Қап! Айналдырған алты балаға жөндеп қарай алмай!.. Әй, адам алты бала емес, алдындағы алты жүз қойдың да қайсысы қалай екенін біліп жүреді ғой. Немене, алтыншы балаңа келгенде албасты басып қалды ма бәріңді!.. –Енді… тірлік, тірлік деп жүріп… Қалай ұмытып кеткенбіз… басым жетпейді, –деп күмілжіді Әбдәшім. –Тіршілік бәрімізде де бар. Осы отырғандардың біреуі бос емес, – деп Дөржан отырғандарды қолымен сыпыра көрсетіп шықты. –Ал, мына ақсақалдың тоғыз ұл, он алты