немересі бар. Шаруасы сенен де көп. Бірақ ол бірде-бір баласын ұмытып сен секілді масқара болған жоқ. Солай ма, ақсақал? –Құдай бетін аулақ қылсын,– деп шал сақалын ашулана сипады. –Ал, сен ұмыттың… балалар ұмытты, ана қатының қайда қарап жүр? –Ол да… Жұмыс… бала көп… Масқара боп. –Масқара! Масқараның көкесі әлі алда!– деді бұларға ұрысуға да, кей сәтте қол жұмсауға да моральдық правосы бар Дөржан. –Бұл хабар ертең құдалардың құлағына шалынсын, масқараның көкесін сонда көреміз. Бұлардың ашу-ызасы қанша қатты болғанымен осы кезге шейін өз іштерінде еді, Дөржан кеп қазанның қақпағын ашып қалғанда оның тұншыққан буы аспанға атылып, шудасы әп-сәттің арасында бұларға әләзір сын көзбен қарап отырған құдалар ауылына қарай шұбатылып жүре берді. Онсыз да тығырықтан жол таппай амалы құрып отырған дастарқан басындағылар мынадай келеңсіз әңгіменің құдалар ауылына жетпей тынбайтынын ойлағанда әрқайсысы отырған-отырған орнында қара жерге кіріп кете жаздады. –Ал, енді не амал бар? –деді Дөржан отырғандарға түгел қарап шыққан соң «бәленің бәрі сенде» дегенді танытып Әбдәшімге қадала қарап: – Не айтасың? –Не айтушы ем… Масқара болдық. Бір албасты басыпты… Өлі тыныштық қайта орнады. Ол тым ұзаққа созылып, еңсені езіп бара жатыр еді, кенет Масақбайдың үні естілді. –Осы уаққа шейін түк сезбей келіп-келіп, дәл бүгін қалай біле қойдыңдар?–деді ол жұрттың бәрін кінәлаған дауыспен –Нені?–деді өз қиялымен өзі боп отырған Әбдәшім, әуелгіде түкке түсінбей. –Нені болушы еді, әлгіні де! Балаңның бәлесін айтам! Жүріп-жүріп кеп дәл әйел алатын кезде!.. – Ол мырс етіп теріс айналды. –Ақыры ұмытқан екенсіңдер, сол бойы ұмытып жүре бермедіңдер ме? Енді кеп табан асты елді дүрліктіріп. Солай-ақ жүре берсе… балаларының аузы қисық болады деп пе едіңдер. Отыр ғой анау теміржолдың ар жағында бір қора орыс. Дау да жоқ, дамай да жоқ, балаларының бәрі балапандай сүп-сүйкімді. Ал, қыздары қандай сұлу, үріп ауызға… –Әй, Масақбай, не оттап отырсың!– деп Дөржан оның сөзін бөліп жіберді. –Кімнің сұлу, кімнің албасты екенін сенен біреу сұрады ма? –Енді… сұрамаса айтпау керек пе? –Ал, құдаларға не дейміз? Соны ойласайық та. –Е, оларға не деу керек? Ештеңе демейміз. Олардың… біздің ішкі шаруамызда несі бар? Тексереді дейсің бе? Ол суып қалған шайын ұрттағаны сол еді, ойына қайдағы бір бәлелер түсіп пысқырып кеп жіберді. Бүркілген шай жамбастап жатқан Дөржан мен ең үлкен ақсақал Рәттің бетін жуды да кетті. Әлдене дегелі аузын аша берген Дөржан мен ауыл басына туған мынадай ауыр жағдайдан жол табу үшін дамылсыз сақалын салалап отырған Рәт суға түскен мысықтай пысқырынып, табан асты өздерімен өздері әлек болды да кетті. Рәт ақсақал жұқа шапанның ішкі қалтасынан шаршысын алып, көзін тарс