БОНАПАРТТЫҢ ҮЙЛЕНУІ

жұмған бойы бет-аузын сүрте бастап еді, үй иесі Әбдәшім есік жаққа қарап өрт шыққандай айғай салды. –Су, су әкеліңдер! Тез! Күні бойы тек осы жарлықты ғана аңдып есік алдында тапжылмай отырғандай қағылез қара бала жез шылапшын мен жез құманды алып үйге жалаңдап кіріп келді. Оның шапшаң қимыл-әрекеті мен жарқ-жұрқ еткен көз жанарына қарап, қолға су құю үшін емес, біреу-міреудің кесілген басын алып кету үшін келген екен деп ойлап қалуға болар еді. Тым болмаса айыбымды осымен жуайын дегендей Масақбай да жалаңдап тұрған баланы Рәт пен Әбдәшімге қарай жалма-жан итере қойды. Бетіне шай бүркілген екеуі кезек-кезек шайынып алды. –Харамы тірлік! –деді Рәт ақсақал бетін орамалмен сүртіп жатып. –Бұл кәпірдің аузынан шашыраған шайдан харам судың иісі шығады дүр!.. –Бә-сс-се! – деп Дөржан Масақбайға ызбарлана қарады. – Неғып бұл табан асты лепіре қалды десем, бір бәленің доғы бар екен ғой. Таң атпай қайдан ішіп жүрсің ей, а? Масақбай тас керең адамша мелшиіп отыра берді. –Әй, айтсаңшы, таң атпай қайдан ішіп жүрсің? Бүкіл ауылда бір тамшы арақ жоқ еді ғой. Ол жұмған аузын ашпады. –Вот партизан! – деді Дөржан ызаланып. –Қайдан таптыңдар деймін! –Иә, қайдан іштің? –деп Әбдәшім де сұраққа араласты. –Түсіп пе? – Ол иегімен дүкен жақты мегзеді. Масақбай басын болар-болмас изеді де: –Жаңа ғана, –деді күбірлеп. Рәт ақсақалдан басқа еркектердің бәрінде белгісіз бір шыдамсыздық пайда боп қозғалақтай бастады. –Сөзбұйдаға сала бермей тез шешейік –деді Дөржан әлгі хабардан соң кенет жұртты асықтырып. –Көп езіп отыратын не бар, кессек кесейік, кеспесек осы бойы жүре берсін. Сөйтіп, ауылдағы «төтенше комиссияның» шешімі бойынша Бонапарт сүндетке отырғызылатын болды. Ол көп ұзамауы тиіс, бүгін, лажы болса жұмыстан шақырып келіп түске шейін-ақ тындырып тастау керек деп шешілді. Мұндай асығыстық биылғы жылғы ауа райының аса қолайсыз боп, күннің тым ысып тұрғанына байланысты еді… «Төтенше комиссия» мүшелері осындай аптап кезінің өзінде де кесілген дененің ары кетсе он бір, он екі күнде жазылатынын, тым болмады дегенде Бонапарттың басқасын былай қойғанда жолға жүруге жарап қалатынын анық есептеп алып, асығыс бата жасады. Рәт ақсақал өз шешімінің ләззатына шомып оңаша үйде шай ішуге қалды да, орта жастағылар Масақбайды алға сап колхоз дүкеніне қарай шұғыл аттанды. Есік алдында тұрған үш аяқты екі мотоциклдің біреуі өрістен мал алып келуге, екіншісі Бонапартты әкелуге кетті. Аула ішіндегі балалар жататын жаздық киіз үй түгел босатылып Бонапартқа берілді. Арада екі сағаттай уақыт өткенде операция басталып кетті: киіз үйдің ішінде Рәт ақсақал Бонапартты сүндетке отырғызып, бастырма астында Масақбай мен Дөржан қара қошқардың терісін сыпырып жатты. Бонапарт, әрине, бос жүрген адам емес, ол да

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10