өзгелер секілді коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасауға белсене атсалысып, бөлімшенің шеберханасында мотористің көмекшісі қызметін атқарып жүрген. Бір емес екі күн қатарынан жұмысқа келмеген соң шеберхана меңгерушісі Испанәлі мен моторшы Вьетнамбек үшінші күні кешке қарай Әбдәшімнің үйіне келді. Екеуі аулаға кіргені сол екен Әбдәшім оларды күні бойы аңдып тұрғандай қақпа алдынан қағып алып, ай-шайға қарамай түпкі үйге кіргізіп жіберді. Төрде дастарқан жаюлы тұр екен. Дастарқан үстінде ашылмаған екі бөтелке «пшеничная» мен грузин коньягін көріп, жұмыс бабымен келген екеуінің ресми жүзіндегі сұстылық табан асты сұйылып сала берді. –Жата берсін, – деді түн жарым ауа аяғын шалыс басқан Испанәлі ауладан шығып бара жатып. –Әбден жазылғанша жатсын, –деді Вьетнамбек Бонапарттың халін өз көзімен көріп тұрып. –Есейген кезде… бұл деген… қиын болады. Нишево! – Ол көзі балпиып жатқан Бонапарттың шашын ұйпалап қойды. –Менің… әйелімнің ағасы… үй… үйленген соң барып нетілген… оған қарағанда сен… сен қайда-а… енді үйленгелі ғана жатсың… Ертесіне дәрігер Оскар (Асқар) келді. Ол да әйелімен таң ата кетті. –Жата берсін, –деді ол да. –Қанша уақытқа болса да, бюллетень дайын, маған десе екі ай жатсын! –Біреу-міреу тексеріп келе қалса ауруханадан бүгін әкелдік деңіздер, – деп әйелі де оларға ақыл-кеңес берді. Сонан соң парторг, агроном, бас инженер келді. Сонан соң колхоз бастығы келді. Әбдәшім мен әйелі қонақ күтуден әбден қажып, жиған-терген қаражатын тойға дейін-ақ бітіруге айналды. Келген қонақтардың бәріне ортақ бір-ақ нәрсе айтылды, ол – бұл оқиғаны жан адамға айтпау. Бәрі де уәде берді. Бонапарт бір жеті жатты – жазылмады, екі жеті жатты – жазылмады. Әбдәшімнің үй-іші әбіржи бастады. Дөржан болса құдайдың құтты күні жұмыстан келе салып Бонапарт жатқан қараша үйге кіреді де: –Қалайсың? – дейді. Ол үндемейді, немере ағасына қарап есі ауысқан адамдай балпиып жатады да алады. Ертесіне тағы келіп. –Қалай?– деді. Ол иығын қозғады. –Қалайсың ей? – деді екі күннен соң. Үшінші күні: –Қалайсың ей, иттің баласы? – деді ашуланып. – Неге жазылмайды о бәлең! –Қайдан білейін… –Сен білмегенде кім біледі, айдалада жүрген мен білем бе? –Енді қайт дейсің. Ойнап жатқан жоқпын ғой. –Сен бәле жұмыстан қашып әдейі жатқан шығарсың. Ары кеткенде он күнде жазылып кететін нәрсе еді ғой. –Сенбей тұрсың ба? –Әрине. Дайын тамақ, салулы төсек. Ей, мынауың не?–Дөржан оның жастығының астынан аузы қылтиып тұрған бөтелкені суырып алды. –Қайнаған су ғой… – деді Бонапарт күмілжіп. –Қайдағы қайнаған су? Оның саған не керегі бар? Бонапарт не дерін білмей күмілжіп қалды. Дөржан да қазымыр бәле екен, бөтелкенің тығынын ашып иіскеп көрді. Мұрнына сенбегендей тіліне бір-екі тамызды. Енді оның шын арақ екеніне көзін жеткізіп алмақ болғандай