БОНАПАРТТЫҢ ҮЙЛЕНУІ

Дөржан мен Масақбай Бонапартты телевизор алдына әкеп жатқызды да, осы сеансты баяғыдан көрмек боп жүрген бала-шаға мен қыз-қырқын, кемпір-кешек түгел көрші үйге көшірілді. Сеанс басталды. Кашпировский әсер етті ме, әлде өздеріне ғана белгілі бір күйдің әлдиінен бе, әлден соң Масақбай мен Дөржан қалғып-мүлгуге кірісті. Сеанс сиқырына енген адам әдетте арнайы бұйрық алғанша оянбау керек еді, бірақ, бұл екеуі ауық-ауық селт етіп, Кашпировскийге бір, көзі балпиып жатқан Бонапартқа екі қарап қойып, ара-арасында сөйлеп отырды. –Қалай? –деді Дөржан бір оянып кеткен кезінде немере інісіне қарап. Бонапарт үндемеді. –Әсері бар ма? – деді Масақбай жақсы жауап алуға зарыққан үнмен. Ол тағы үндемеді. Кашпировский сөзін жалғастырды: «Мен аурулардың атын атамаймын. Менің сөздерімдегі белгісіз құдірет ауру атаулының бәрін өзі тауып жатады. Адам организмінде біз білмейтін тылсым қуат бар. Мен соған сенемін. Ол күшті біз ешқашан анық айта алмаймыз. Менің сөздерімнен кейін сіздердің бойларыңыздағы сол ғажайып қуат оянады. Оянады да тәндегі кесел атаулымен өзі күреседі. Сеанс кезінде сіздер ештеңе ойламаңыздар, бойдағы кесел жайлы ұмытып кетуіңізге де болады. Сонда да сеанс құдіреті ауруды өзі іздеп табады. Мен жайлы не ойласаңыздар да еріктеріңізде. Мен оны көңіліме алмаймын. Өйткені мен сіздерге жақсылық қана тілеймін…» –Сен неге ұйықтамайсың ей, – деді Дөржан тағы бір селт ете түскенде інісіне кейіп. –Тұмшалап жауып апсың, ашып отыр, ашып отыршы, – деді Масақбай Бонапарттың үстіндегі жұқа көрпені төмен ысырып. –Ұялма. Еркектер ғана отырмыз ғой. Во, осылай… Ол Бонапартты жалаңаштап қойды. «Сеанс кезінде сіздер өз тірліктеріңізбен айналыса беріңіздер. Үйге көршілеріңіз келсе, немесе отта тұрған шәйнек қайнап кетсе, бала жыласа – телевизор, алдынан тұрып кете беруге болады. Сеанс құдіреті бәрібір сізді іздеп табады. Енді ояна бастаңыздар. Команда беремін. Онға шейін санаймын. Бір. Екі. Үш. Сіздердің ұйқы құшағына еніп, белгісіз бір құдіреттің әсерінде отырғандарыңыз– жақсылықтың нышаны. Төрт. Бес… Енді ояна бастаңыздар. Алты. Жеті…» Сеанс біткен соң Дөржан мен Масақбай Бонапартты қараша үйге қайта апарып тастады. –Енді жазыласың, –деді екеуі қосарлана сөйлеп. Дөржан жастықтың астына қолын жүгіртіп көріп еді, іздеген нәрсесі жоқ боп шыққанына іштей налып қалды. –Жоқ па, әлде тығып қойдың ба?– деді Дөржан, інісі төсекке жайғасып болған соң. –Анау, керегеде ілулі тұрған грелканы ал… –Маладес! – деді Масақбай әйелі ұл тапқандай қуанып. –Алқаш,–деді Дөржан грелканың аузын ашып жатып. –Бүйте берсең өмірі жазылмайсың, арақ сіңген теріге бір емес он Кашпировский де түк істей алмайды, білдің бе? Көршіге кеткен бала-шаға мен келін-кепшіктер шуылдап аулаға кіргенде, Дөржан мен Масақбай грелканы қойындарына тығып қараша үйден атып-атып шықты. Әбдәшімдер әулеті келген қонақтардың бәрінен бұл оқиға туралы жан адамға тіс жарып айтпауын

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10