БОНАПАРТТЫҢ ҮЙЛЕНУІ

қанша қадағалап тапсырғанмен, ел құлағы елу, күйеу жігіттің мынадай масқара күйде жатқаны жайлы хабар сыздықтап отырып құдалар жағына да жеткен еді. Әуелгіде олар сенбеді. Қауесет ұлғайып бара жатқан соң қыз әкесі түнделетіп Әбдәшім аулына бір жансызын жөнелтті. Ертесіне ол қайтып келді. «Не болды? деп анталаған жұртқа ол: –Масқара болдық, рас екен, – деді салы суға кетіп. Әйелдер бетін шымшып, еркектер үнсіз күрсінумен болды. Қалыңдық түпкі үйге кіріп алып ағыл-тегіл жылады. Сол күні түнде бұлардың да үйінде «төтенше комиссияның» жиналысы өтті. Мынандай бұрын-соңды болмаған қорлыққа төзе алмаған қыз әкесі ет жақын ағайындарымен бір түнде Сырдың ар жағындағы жаңа ашылып жатқан совхозға көшті де кетті. Бұл екі арада Бонапарттың да беті бері қарап, атқа отыруға жарап қалып еді. Әбдәшімнің үй-іші мен жақын туыстары Бонапарттың аман-есен жазылғанына қатты қуанып, Аллаға разылық білдіріп жұма намаз күні қара тоқты сойып той жасады. «Әуелі құдай, сонан соң Кашпировский! –деп Масақбай өзеуреп қоймады. –Оған телеграмма жолдамасаң адамгершіліктен айрыламыз». Кашпировскийге телеграмма жолданды. Дөржан мен Масақбай Бонапарттың жазылғанын жұртқа көрсету үшін кешқұрым оны тор атқа мінгізіп алды да, ауылды бір айналып шықты. Қайтар жолдарында совхоз кеңсесіне соғып, оның алдында тұрған Дзержинскийдің ескерткішіне гүл қойды. Бұлар ескерткіш қасына келгенде водовоз айдайтын Маркен ескерткіштің шаңын жуып болып, әлдекімді сыбап боқтап, шлангаларын жинап жатыр екен. –Кімді боқтап жүрсің ей?– деді Дөржан оны қорқытпақ боп. –Кімді болушы еді, әйтеуір сен емессің. –Енді кімді? –Бәрін. –Онда мен де кеттім ғой. –Кетсең кет, өзгелерден әулиемісің? –Көппен көрген ұлы той, жарайды, кеттім, – деді Дөржан мынандай қуанышты күні дарқандық танытып. –Атам заманғы милицияның бастығына ескерткіш қойып, – деп бұрқылдады су тасушы, – бұл біздің ауылға келген жоқ, біздің ауыл оны танымайды да, сөйтіп оған ескерткіш қояды. Қойса қойсын-ау, жууын айтсайшы. Өзін шинелімен қойыпты, қатпар-қатпарына тұрған шаңды кетіру құдайдың бір азабы. –Оған нең кетті, суды шашасың да кетесің. –Нем кетуші еді, уақытым кетеді. Бұл үшін совхоз директоры маған бір тиын да төлемейді. Ал мен бір рейсті кем жасаған боп шығам. –Ол сөздің аяғын орысша-қазақша боқтаумен бітірді де машинасына отырды. –Маркен, біздің Бонапарт жазылды,–деді Масақбай ат үстінде қыздай сызылып отырған жігітке сүйсіне қарап. –Жазылмайтын ол СПИД деп пе едің, әрине жазылады. –Жүз грамға қалайсың? –Жоқ. Тағы бір рейс жасауым керек. Мынаған кеткен уақытымды өтемесем болмайды, – деп ол Дзержинский ескерткішіне қарап қойды. –Бүрсігүні құдалыққа барамыз, қаласаң бірге жүр. –Қайдағы құдалық? –Не, білмейтін бе ең? –Білем, бірақ бармайсыңдар? –Неге? Не деп тұрсың өзің? –Сол, бармайсыңдар. Құдаларың көшіп кеткен. Алдыңгүні «үйленуге бір ай қалғанда сүндетке отырғызылып жатқан жындыға беретін қызымыз

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10