«Қоянды» колхозының тірлігі соңғы он бес жылдың ішінде бір оңбай-ақ қойды. Мұзға құлаған түйедей бір аяғын әзер жинағанда екінші аяғы тайып, әбден қалжырап, болдырып, өмірден күдерін үзіп, тұралаған халге жетті. Ауыл адамдары күннен-күнге қожырап бара жатқан тіршіліктерін жөндеу үшін не амал жасамады десеңізші. Ауыл көлемінде әлденеше рет жиналыстар өткізді, талай-талай қаулылар қабылдады. Болмады. Басшылар ауданға барып, аудан ауылға келді. Одан та түк шықпады. Басшылардың талайы келіп, талайы кетті. Одан шаруашылық түзеле қоймады. Азап айдады ма, ажал айдады ма, дүрілдеп тұрған бір совхоздың директоры ең артта қалған шаруашылыққа барамын деп белсенділік көрсетіп осы колхозды сұрап алып еді, үш жылдан соң сотталып тынды. Содан бұл ауылға жан жуымайтын болды. «Қоянды» колхозының аты аталса-ақ болды аудан мен облыс көлеміндегі басшылар қояншық ұстағандай қалшылдап шыға келетінді шығарды. Соңғы жылы республикалық бір газеттен экономика жайлы жиі жазып жүрген бір журналист кеп өз газетінің бетінде көлдей материал жариялады. Шаруашылықтың өрге баспауының тарам-тарам себептерін айта келіп, ол өзінің очеркін: «Бұл колхозға сырттан экономист шақырмаса болмайды» деп түйді. Амалы құрып отырған аудан басшылары «үмітсіз шайтан» дегендей бұл ұсынысты да қабыл алып, колхозға Тәжікстаннан экономист шақыртты. Ресми мәліметтерге қарағанда, ол тұралап қалған талай колхозды аяғынан тұрғызып, кейбіреулерін тура тарап бара жатқан жерінен қайта біріктіріп алыпты. Ит арқасы қияннан келген бұл экономисті ауыл адамдары аспаннан құдай жіберген құтқарушыдай боз бие сойып қарсы алды. Ол тұратын еңселі ақ үйді ақ тауықпен аластап, жын-шайтанды бездіру үшін ол табалдырықты аттай бергенде үй артынан алты жігіт аспанға құр дәрілеп мылтық атты. Тәжік жігіт жұмысқа құлшына кірісіп кетті. Шаруашылыққа кететін барлық шығын мен алынатын өнімді мұқият есептей келіп, ол үш жылдан соң колхозды миллионерлер қатарына қосатын нақты бағдарлама жасады. «Міне, іс білетін адам деп осыны айт, тиынына шейін есептеп қойыпты сабаз! Іс оңалса енді оңалар!» деп ауыл адамдары онымен өткен алғашқы кездесуден соң үйлеріне желпініп қайтты. «Пенденің ойлағаны емес, Алланың дегені болады» екен, колхоз бұрынғысынан да нашарлап, екі жылда мемлекетке бес миллион сом қарыз боп шықты. Ал, ең соңғы — уағдалы үшінші жылы қырда астық шықпай, ойдағы мақтаны түгел үсік ұрып, жайлаудағы малдың жаңа туған төлін отамалының суығы қырып салды. Тәжік экономисі жынданып кетті. Көрінген кісіге қарап күле беретін болды. Дәрігерлер «невменяемый» деп анықтама жазып берген соң ісі сотқа түспей аман қалды. Бір кездері бір елдің маңдай алды экономисі боп дүрілдеп тұрған жігітті артынан бір топ адам іздеп кеп, жынды ғып алып кетті. Ішінде шайпаулау біреуі кетерінде: «Сендердің қиюы қашқан мына колхоздарың бір емес, мың адамды жынды қылар» деп дүңк еткізіп қойып қалды. Бұл колхозға