деді ол қыздың беліндегі қолын ырғап қойып. Сонан соң оның жауабын да күтпестен тағы сөз бастады. — Ауылға жақындадық, жылама деймін енді. Ұят болады, ұқтың ба!? — Ей, жынды Мүсірәлі, жынды болмасаң мұның не? Қоя бер мені, естимісің, қоя бер деймін, — деді қыз. — Ертең ел бетіне не деп қарамақпын, қарабет қылмақсың ба мені! — Еһе, сөйлейді екенсің ғой, ханшам, — деді Мүсірәлі гүжілдеген үнмен оны кекеп. — Сонау жерден алып шығып, енді үйге жетіп қалғанда сені қоя бермекпін бе. Ә-ә, тапқан екенсің ақымақты. Қорықпа, қарабет болмайсың, ұнасаң құдай ақында өзім аламын! — Ұятсыз!.. Ақымақ… — Қой, тапа-тал түсте жігіт алдына мінгесіп келе жатқан сен ғой ұятсыз. Ақымақ боп мен не қылдым, қайта сен емес пе. Немесе дені дұрыс адам байға тимеймін дей ме екен? Не деп жауап берерін білмеген қыз бұлқынып-бұлқынып, оның құшағынан тағы да босана алмаған соң булығып жылап жіберді. — Е, мейлің, үйге жақындап қалдық. Жас келіншектің жат жұртқа жақындаған кезінде дауыс шығарып жылағаны да жөн болады. Әйтпесе, мына жұрт сені күйеужанды байғұс екен деп қалар. Қыз әрі ызаға булыққаннан, әрі шынымен-ақ бір сұмдыққа тап болғанын сезіп, жаны жасып егілді кеп. Оның дауыс шығарғанына мәз боп ыржия күліп, Мүсірәлі есік алдында состиып тұрған анасына қарай жақындай берді. — Шырағым-ау, мынауың не бұл? — деп таңдана сұрақ қойған анасына қысылғаннан не деп жауап берерін білмеген Мүсірәлі күлімсіреп тұрып: — Апа… қаласаңыз… келін болар, — деді төмен қарап… Күні бүгінге шейін ищай десіп көрмеген Айғанымға, Мүсірәлі осылай үйленген еді. «Бәрі де ертегі ғой. Өткен өмірдің бәрі де ертегі сияқты болып қана қалады екен ғой, о, жалған-ай! — деді Мүсірәлі орнынан тұрып. — Менің жас өмірімнің тентектігі мен бар қызығы тек осы ма екен! Қайсыбірін еске аларсың, қайсыбірін айтарсың жұртқа. Япыр-ай, көрген-білгеніңді жалықпай сөйлей беретін болсаң, тыңдау үшін бір адамның өмірі жетпейтін сияқты екен-ау. Сонда, мұның бәрін қай кезде көріп үлгерген едік мына біз?..» Ол әлгі уақиғаның жалғасын тағы есіне алды. Мүсірәлі ешкімге көнбей асқақтап отырған Айғанымды үйге әкеп түсірген соң, байғұс қыз жазмыштың салғанына мойынсұнып, бұрын өзі соншалықты жек көрген сотқар жігіттің дегеніне көнуден өзге жол таңдай алмады. Оның әкесі қызын келіп кері алып кеткенімен өз басына жақсы атақ жамылмайтынын біліп, ішқұсалықтан қарадай қажып, үнсіз жатып алды. Бірақ, келін түсірген жақтың кешірімді келетін қазақтағы қалыптасқан қашанғы салт бойынша Қарағұл да жоқтан өзгені кек қылып, су тиген қарақұрттай тырыса бермейінші деп, өзінің әйгілі көк жорғасын Жұмақанның қазығына біреулер арқылы байлаттырды да, екі-үш күн өткен соң өзі де келіп: «Болар