ӨЗЕН СУАЛҒАНДА

іс болды. Ат аралас, қой қоралас отырып, бекерге қырғиқабақ болмайық. Бүгіннен бастап аралас-құралас жекжат болайық», — деп ақ ниетін айтып, алақанын жайды. Сол күннен бастап екі жақ құда-жекжат боп кетті де, арадағы бұрынғы кіркілжіңнің бәрі ұмыт болды. Көп ұзамай желігі басылған Мүсірәлі де орынсыз қылжақты қойып, теміржол жұмысына араласты. Жыл артынан жыл желдей есіп отырып, Мүсірәлі де бір күні жігіт ағасы бола бастады. Қартайғанда бір немере сүйіп «о дүниеге тыныш аттансам» деп армандаған Қарағұл ол арманына жете алмай дүние салды. Көп ұзамай өмірден ана да қайтты. Мүсірәлі екі білекті сыбанып тастап теміржол жұмысына кірісіп кетті. Осы кезге шейін «Т» қайсы десең қайланы көрсететін Мүсірәлі, өте кеш болса да қолына әліппе ала бастады. Осылайша қалжалап жүріп қырық екі әріпті түгел, үйрендім-ау деген кезде станция бастығы боп бекіді. Теміржолдың ауыр жұмысына адам жетіспейтін болғандықтан станция бастығы екенмін деп керкиіп қалмай Мүсірәлі қолынан қайласы мен зілдей кілтін тастаған жоқ. Осылайша адам, тіпті, өз басы туралы ойлауға да мұршасы келмейтін шақта Мүсірәліні бүгінгі күні орны толмас үлкен қайғыға әкеп тіреген күйінішінің алғашқы белгілері де пайда болып, ол сезімдер ерлі-зайыпты екеуінде де күн асқан сайын ұлғайып келе жатты. Екеуінің де бар арманы мен бар тілегі — бір нәресте сүю еді. Бірақ, ерегісе түскендей, шыр етіп жылаған жас баланың үнін өз үйлерінен естуді тағдыр бұларға қос көрмей-ақ қойды. Кейде ауыр жұмыстан қалжырап қайтқанда, екеуі де бір-біріне байқатпаған болып жиі-жиі күрсіне беретін-ді. Кей уақытта Мүсірәлі өзі құралпы кісілердің бала сүйіп, тіпті, кейбіреулерінің немере де әлдилеп отырғанын көріп, жүрегіне шоқ түскендей күйіп-жанып, бұл дүниедегі тұл жетім өзім екенмін-ау деп жасып қоя беруші еді. «Опырым-ау, балаң болып, соғыста жүргеннің өзі де қуаныш екен ғой адамға! Тым болмаса соның тілеуін тілеп, көңілге жұбаныш етеді екенсің. Ал, кубас боп өткен қандай жаман еді мына дүниеде!» — деуші еді Мүсірәлі балалары соғыстан келіп, аман-есен табысып жатқан әкелерді көргенде. Бір күні осындай думан-асырға Шәкірбай деген құрдасы бұларды да шақырды. Айғаным екеуі күні бойы дайындалып, нан пісіріп, біршама кит алып, бір ісекті жетектеді де, кешке жақын Шәкірбай досының үйіне келді. Үлкен қуаныш үстінде Шәкірбай арнайы шақырған қонақтарын ұмытып кеткендей көрінді. Қай үйге кірерін білмеген Мүсірәлі ауызғы бөлмеде состиып тұра бергенді ар санап, кетейінші деп қанша талпынып көргенмен, бәрібір онысынан түк те шықпады. Бір кезде өз жанында тұрған әйелінің жоқ екенін көрді. «Е, ол бір жерге жайғасқан ғой» — деді Мүсірәлі кезерген еріндерін болар-болмас қимылдатып. –Ал, менікі не тұрыс? Ассалаумағалейкүм деп бір үйге кіріп баратын бала-шаға емеспін». Осы кезде сырттан дабырласып Шәкірбай кірді. Адам қуанғанда

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15