ӨЗЕН СУАЛҒАНДА

да жылайды деуші еді, сол рас екен. Ол мұрнын қайта-қайта тартып ебіл-дебіл жылап жүр. «Құлыным, құлыным келді ғой, менің, тірі көрісетін де күн бар екен-ау»,— деп ол бірнеше кісілердің соңын ала кірді. Мүсірәлі неге екені белгісіз, олардың көзіне түсіп қалудан қашқалақтап, қабырғаға жансыз адамдай жабысып қатты да қалды. –Әбішжан-ай, кел, сәлем бер мына ағаларыңа, Әбіштай! — деді Шәкірбай ұлын еркелете шақырып. — Әй, анасы-ау, жіберсеңші сәлемдессін мына жұртпен. Қазір қайтып барады ғой. –Опыр-ай, маған да келіп тұрғаны осы ғой. Бар, бара қойшы, алтыным– деген Шәкірбайдың әйелінің дауысы шеткі бөлмеден анық естілді. Мүсірәлі тірі аруақтай боп-боз боп, сол орнына қозғалмай, көз алдында болып жатқан қимылдарды бақылап тұра берді. «Шәкірбайдың ұлы қандай болды екен, өзгеріп кеткен шығар, – деді ол іштей. — Қашан шығады өзі?» Осы кезде іштен ұзын бойлы, жауырыны қақпақтай қараторы жігіт күлімсірей шықты да, маналы бері өзін асыға күтіп тұрған жұртпен қол беріп амандасты. Оның соңынан үш-төрт кішкене балалар шұбыра шығып әрқайсысы «менің көкем, менің көкем» деп тізесінен жапырлай құшақтасып жатыр. Мүсірәлі бұл жерде мұнан әрі тұра алмады. Бейне бір безгегі ұстаған адамша, тұла бойы дірілдеп, көз алдына қараңғылық үйірілгендей болды. Ол есікке қарай қабырға бойымен баяу жылжып, әрең дегенде босағадан ұстады да, сып беріп шығып кетті. Үй жақты бетке ұстап, кісі жерлеп қайтқандай аяғын әзер басып ілгері жылжи берді. «Мен неге қаштым ол үйден, кім қуды мені? Бұл кеудеде қыс түспей сең жүргені несі! — деді Мүсірәлі дұға оқығандай күбір-күбір етіп. — Айтпақшы, Әбіш қалай өсіп кеткен? Сүйегі іріленіп, толысып кетіпті ғой, тіпті, әкесіндей екеу келер дерсің. Дариға-ай, Шәкірбай қандай бақытты еді. Менде де арман бар деп айтар ма екен ол да?!» …Мүсірәлі қаңғырып-қаңғырып үйге түн ортасы ауа бергенде келді. Түнімен диірмен тартып шыққандай, үсті-басы шаңға баттасып аппақ бопты. Ол қалтасынан кілтін алып құлыпқа апара бергенде, есіктің ашық екенін көрді. «Бұ не бұл? Айғаным да үйге келіп қалған ба!» Кіре берістегі шылапшынға сүріне-қабына, Мүсірәлі ішке кіріп сіреңке жақты. Үйде ешкім жоқ. –Айғаным, ау, Айғаным! — деді Мүсірәлі ақырын дауыстап. Ол арт жағынан дем алған адам дыбысын сезгендей болған соң бұрылып қарай бергенде, бұрыш жақта бір уыс боп шоқиып отырған өз әйелін көрді. — Айғаным, сен… сен неғып отырсың? — деді ол үрейлі үнмен. Кемпірі жауап бермеді. — Басыңды көтерші. Немене, сырқаттанып қалдың ба, не болды!? — деп шыдамы таусылған Мүсірәлі сұрақ атаулыны сасқалақтап жаудырумен болды. Айғаным жауап орнына шапшаң көтеріліп, төр алдындағы төсекке құлай кетті. Я, ол да Мүсірәліден кем қиналып жүрген жоқ еді!.. «Қайғы мен сары уайым

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15