деген бәле менің етегімнен сол түннен бастап мықтап ұстаған еді-ау. Содан бері сол уайым, сол қайғы. Үдемесе, бәсеңсір емес. Көбейе түс, қарқындай түс! Сөйтіп ал өшіңді мына Мүсірәліден!» Ол орнынан атып тұрды. Ерні кеберсіп, тілі таңдайына жабысып қалыпты. Сорғалаған терін күпәйкесінің жеңімен сүртіп тастап, тағы да өзімен-өзі арпалысқа түсті. «Кім бар қане, қайда бүгін ескі көздер? Жер бетінде қаншасы жүр, жер астында қаншасы жатыр? Я, біразымыз өліппіз, талқаны таусылмаған енді біразымыз мына сасық кеудеден жан шығып кетпеген соң қыбыр-қыбыр тіршілік құрып әлі жүр екенбіз. Тірілеріміз анда-санда бас қосып өткен өмірді жаңғыртамыз, «жатқан орның жай болғыр, пәленше пәлен еді-ау!» — деп көз жұмған достарымызды еске аламыз. Бұл да тірінің тірлігі екен-дағы! О, сұм кәрілік! Сенің де аяқтан өрмелеп мойынға алшайып мініп алғаның ба? Енді алда не мақсат бар, не үшін арпалысамын мына мен! Пәлен істеймін, түген істеймін деп енді неден үміт етемін, не тындырамын. Сонда, маған қалғаны тып-тыныш өлім күту ме? Қызығы көп мына тіршілікті мәңгіге тастап кете беру ғой?» — Жо-оқ, жоо-оқ, — деді ол жұдырығын түйе түсіп. — Өлмеймін мен, қартаймаймын да! Шаршау дегенді білмейтін мына қолдар сол қасиетінен әлі де жаңылған жоқ! Мүсірәлі қолына кілтін алып, теміржолдың босаған бір гайкасын тұғжыңдап бұрай бастады. «Ұмытқан жоқ қасиетін бұл қолдар! Көрдің бе бәлем, қалай екен мына Мүсірәлі? Бұдан жиырма-отыз жыл бұрын да сені дәл осы темір білектер бұраған. Есіңе түсірдің бе, таныдың ба оны!» Мүсірәлі гайканы әбден қатайтып болып басын көтере бергенде, қарсы алдында күлімсіреп тұрған Мұсахметті көрді. — Оу, Мүсеке, мұныңыз қалай шаңқай түсте? Не істеп жатырсыз? — деді ол амандасуға қолын созып. — Е, жай… жай ғой, балам, — деді абдырап қалған Мүсірәлі. — Сағынады екенсің істеген жеріңді. Аңсарым ауып, мына бір гайканы бұрап жатқаным. Бір нәрсені жапырып барады ғой, деймісің, далбаса-дағы әйтеуір. Стрелкашы Мұсахмет басын шайқап езу тартты да, оның қолынан кілтті алып гайкаға кигізді. Сонан соң жуан білегінің тамыры адырайып оны екі айналдырып барып тоқтады. — Поезд кеп қалды. Мүсеке, түсіңіз тез! — деді ол кілтті өзіне қайтарып берген соң шалдың қолынан асыға жетектеп. Олар жол жиегіне түскен заматта тепловоз созылта бір айғайлап, бұлардың қасынан зу ете түсті. Бірі үлкен, бірі кішкене қызыл вагондар сартылдап өтіп жатыр. Ауыр салмақтан қабырғасы қайысқан шпалдар бір жоғары, бір төмен батып-шығып әзер шыдап тұр. Біраздан соң ыстық құйынды үйіріп, ең соңғы вагон да өте шықты. Мүсірәлі Мұсахметке ләм деп екінші рет тіл қатпастан өзен жаққа беттеді. Бұрын жас кезінде суға қарғитын биік кемер, өзеннің тынымсыз ұрғылаған толқынынан қажып, мүжіле-мүжіле жайпауытқа