ӨЗЕН СУАЛҒАНДА

қою шайды ұрттай түсіп үнсіз отыр. Ол маңдайынан аққан терін қолындағы сүлгімен сүртіп-сүртіп жіберді де, орамалды дүрілдетіп желпіне бастады. — Дозақ болып кетпесе неғыл дейсің мына күн, — деді күбір етіп. — Аспаннан бір тамшы тамбай барады ғой биыл, дала өртеніп кетпесе болар еді! Ол айналасына назалана бір қарап, көңілі толмағандай басын бір шайқап қойды. Сонан соң босаған пияласын кемпіріне қарай домалатып жіберді де, шалқасынан түсіп төбеге қарады. Бастырманың бұдан бірнеше жыл бұрын салынған жабындылары қарайып, шіруге айналыпты. «Е-е, жамылғы жаңартуды тілеп тұр екенсің ғой сен де. Ол қиын емес. Жаңартармыз-ау, — деді Мүсірәлінің еріндері болар-болмас күбірлеп. — Оһ, дәурен-ай, асау тұлпардай арындап қайда зырғисың! Аз кем кідіріп қарайласаң қайтеді айналаңа. Көрсең етті, аясаң етті мына біздерді!» — Мүсір-ау, шайың суып қалды ғой, тұрсаңшы, — деді Айғаным талай заманнан бері ыстық-суықты бір көріп келе жатқан адамдар сияқты емес, алыс жолдан күні кеше ғана келген ұлын «тамағыңды ішші» деп жасқана оятқан ананың үнімен. — Не? Ә, шай ма? Құй деген жоқ едім ғой мен саған, — деді басын көтеріп. — Құдай-ау, алжығанбысың өзің. Бір-ақ пияла іштің ғой. Шөлдедім, шай қайнатшы тезірек деп жан-алқымнан алған сен емес пе едің әлгінде… — Жарайды, жарайды. Мынадай аптапта қайтіп ішерсің. Бағанағы қымызыңнан қалды ма, бар болса бір кесесін әкелші, жандырып барады ғой мына күн, — деді ол Айғанымың сөзін аяқтатпай. — Қымыз дейді? Мана бір топ сақалдыларды ертіп келіп, тауысып кетіп ең ғой өзің. — Қарашы, қарашы барып. Сабаны сарқып көр, мендік бірдеңе қалған шығар. Сақалдылар келсе мен деп келіп отыр. Олардан менің аярым жоқ. Тілінің уыттысын қарай гөр өзінің. Мүсірәлі тағы да ауыр бір күрсінді. Шалының көптен бері еш нәрсеге көңілі соқпай өзінен-өзі жиі-жиі күрсіне беретін әдет шығарғанына алғашында таңданып жүрген Айғаным, соңғы күндері сыралғы досынан сыр тартып көрмек болып, тиіп қашты сұрақ қойғанымен Мүсірәлі мандытып ешнәрсе айтпаған. Айғаным бұл жолы да шалына қарап ауыз ашқан жоқ. «Болмас» дегендей ернін бір сылп еткізіп, кәрі сүйектері сықырлап орнынан көтерілді де, кебісін сырп-сырп басып қоңыр-салқын үйге кірді. …Мүсірәлі салқын да ашқылтым қымыздан сіміріп болған соң ашырқана тамсанып біраз отырды да, сақалын тағы бір сипап қойып қайтадан шалқалады. Осы кезде шырпы арасындағы ұясының аузына бір торғай келіп отыра қалды. Сары жағал балапандарының жамырай мойындарын созып, барынша ашқан ауыздарына көңіл де бөлмеген, әлденеден қауіптенген Ана торғай жан-жағына қарайлап алды да аузындағы шегірткесін езеурей созған бір өңешке тастай салып, екінші рет жемтік іздеуге тағы ұша жөнелді. Жалаңаш мойын үрпек балапандар онан сайын шу ете түсіп біраздан соң қайта басылды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15