«О, балапан, балапан! — деді Мүсірәлі ұядан көз алмай жатып. — Тыриған бір жапырақ ет болсаңдар да әке-шешелерің үшін зор қуаныш екендіктеріңді білесіңдер ме сендер. Ол байғұстар басын өлімге де тігіп, талай аңызақты кезіп жүріп мына сендерді қанаттандырады ғой. Аналарың сендерге шегіртке әкеп, ауыздарыңа салып жатқанда «маған бер, маған бер» деп бәрің бірдей шуылдайсыңдар да, ол байғұстарды бұрынғысынан бетер зыр қақтырасыңдар. Ей, аңқау балапандарым-ай, сол кезде, аналарың ауыздарыңа бар тапқан-таянғанын салып жатқанда, оның-құйттай жемсауында бір де тары жоқ екенін білмейсіндер-ау сеңнер. Бірақ оларға, ата-аналарға осыдан асқан не бақыт бар! Ақымақтар-ай, не себепті тәтті болды екенсіңдер оларға-а! Сол әке- шешелеріңе не рахат көрсетесіңдер мына фәни дүниеде. Ертеңгі күні өздерің болғандай-ақ бірің ойға, бірің қырға тарап кетесіңдер ғой тегіс. Жо-жоқ, шуылдамаңдар олай. Мен сендерді жамандап, не кінәләп жатқан жоқпын. Сендер осы қасиеттеріңмен қымбатсыңдар оларға. Мына дүниеде өмірге келесі ата-аналарды қалдыру үшін оларды табиғаттың өзі жаратқан. Ештеңе емес, күні ертең сендер де әке, ана боласыңдар. Ал, мына өмірден балапансыз өтіп бара жатқан адам не істемек. Қайда оның қуанышы мен сүйеніші, қызығы қайда?» Мүсірәлінің осы кезде дауысы шығып кетті. Қарулы саусақтары бүркіттің тырнағындай көрпе біткенді жиырып, сығымдап бара жатты. Суалып бара жатқан жанарынан шақпақ тастың ұшқынындай қайраттылықтың бір белгісі жарқ ете түсті де, қайта жоғалды. Ол қояншығы ұстаған адамдай тісін қышырлатып, жаралы барысша ыңырси берді. — Мүсір-ау, Мүсірәлі-ау, не болды, не болды саған! — деді шошынған Айғаным шалының жүзіне төне түсіп. — Құдай-ау, бұ нең бұл!? Мүсірәлі ұстамалы аурудан енді есін жиғандай, жан-жағына сабыр тоқтата бір қарап шығып: «Қорықпа, ешнәрсе де болған жоқ» — деді суға жүзгендей ентіге сөйлеп. — Шөлдедім, салқын бірдемең бар ма? Тандырым кеуіп барады. — Бармасы қалай? Ойбай-ау, сабадағы қымызды саған бермей кімге сақтайды деп едің, — деп Айғаным үлкен кесені алып, үйге қарай жүгіре жөнелді. Айғаным үйге кіріп кеткен соң Мүсірәлі әлдене есіне түскендей орнынан атып тұрып, аяғына кебісін де киместен құрал-сайман сақталатын кішкене сарай жаққа беттеді. Ыстық топырақ табанын қытықтап, күйдіріп барады. Ол жиырма беске жаңа толған жас жігіттей адымын ширақ басып сарай есігінің тұтқасына қолы тиген бойы тартып қалды. Есік құлыптаулы екен. — Жау алады дей ме тәйірі осыны. Тапа тал түсте құлып салғаны несі, ішінде қап-қап алтын бардай-ақ — деді ол міңгірлеп. — Айғаным, ау, Айғаным! — Міне, міне! И-и шыдамсызым-ай, сабыр ете тұрсаңшы, міне, — деп есіктен жорғалай шыққан Айғаным шалының сарай алдында жалаңаяқ-жалаңбас, сақалы шошаңдап жүргенін көргенде, үрейленгеннен қолындағы кесесі жерге түсіп кетті. — Астапыралла! Мынау… Мынау… Мынаның дені сау емес екен, тоба! —