деді кейін шегіншектеп. — Айғаным, о-оу, Айғаным. Тірімісің ойбай! — Не, не дейсің Мүсірәлі-ау, — деді үрейленген кемпір үйге кіріп кетерінде, Мүсірәлінің шақырғанына барарын да, бармасын да білместен босағадан мықтап ұстаған бойы. — Не, не дей бергенше келсеңші бері. — Қымыз… әлгі… әкелейін бе? — деді сасқалақтаған ол қалш-қалш етіп. — Еһ, қымызыңмен құрып қал сен. Кілті қайда мынаның, сарайдың деймін, — деді Мүсірәлі бейне бір Айғаным «ненің» деп анықтап сұрағандай-ақ. — Әкелші бері. Ішіндегісін бір көріп қояйын. «Мынаның дені сау болмай шықты ғой, құдірет!» — деп табалдырыққа сүріне-мүріне ол ішке қайта кірді. Босағаның сыртында бір кебісі қалып қойғанын, әлгінде ғана себілген судан үй еденіндегі мұп-мұздай кішкене балшыққа оң аяғының тайып кеткенін Айғаным сезген де жоқ. — Мә, қайте қоясың мұны. Тот басқан темір-терсектің арасынан не табамын деп жүр екен, — деп қорқынышқа бойы үйрене бастаған ол, жарым-ортаға жетер-жетпесте бір топ кілтті «ыззың» еткізіп шалына қарай лақтырып жіберді. Алдына келіп топ ете түскен кілттерді Мүсірәлі жерден асықпай көтеріп, баттасқан шаңын ұртын толтыра бір үрледі де, сылдыр-сылдыр еткізіп құлыпқа сала бастады. Мүсірәлі тот басқан есікті шиқылдата ашып, ішке ұрыларша ақырын басып кірді. Мұның іші де қапырық. Зәктенген іргені бойлай көртышқандар қалаған жерінен емін-еркін ін қаза беріпті. Мұнда адам бұрынғыдай көп кіре бермегендіктен бе, тамның төрт қабырғасы мен бұғат-бұғатына өрмекшілер бейберекет ұя сала бастапты. Мүсірәлі қолындағы кілтпен біреуін сырып қалғанда ешкінің құмалағындай сап-сары бір өрмекші жоғарыға қарай жанталасып қаша жөнелді. «Шіркін-ай, бұдан бес-алты жыл бұрын тап-тұйнақтай болып тұрушы еді, енді келіп иесіз үйдей қаңырап қалғанын қарашы!» Ол жай бір күрсінді де, сарайдың бұрыш-бұрышына көз жібере бастады. Иесін таппай ретсіз шашылған саймандар. Бір жерде күрек, бір жерде зом темір, бір жерде қайла. Бәрі де тот басып, сарғайып біткен. Төргі жақтағы ескі қаңылтыр пештің үстінде Мүсірәлінің бұдан бірнеше жыл бұрын жұмысқа киіп жүретін ескі-құсқы киімдері жатыр. Мүсірәлі киімдерін көрген бойда ентелеп кеп бас салды. Алақандарын жыбырлатып, енді бірі білектен жоғары қарай өрмелеген тарақандарды елең де қылмастан, ескі күпәйкесін сілкіп-сілкіп қалды да, түкті білектеріндегі тарақандарды қағып жіберді. Сонан соң, жанында тұрған аузы ашық жәшікке құныға бас салып, іші тола темір-терсектерді аударыстыра бастады. «Қайда, қайда жоғалған бұл? Біреу алып кеткеннен сау ма! Ә, мұнда жатыр екен ғой, жарықтығым», — деп жүзі жайнаң қаққан шал кәкір-шүкірдің арасынан тот басып, сарғыш тартқан теміржол гайкаларын бұрайтын зілдей үлкен кілтті сопаң еткізіп суырып алды. Оны қолында семсердей салмақтап-салмақтап ары-бері қарап шықты да, іргеде жатқан ескі теріге сүйкеп-сүйкеп жіберді. «Немене, сен де тозайын дегенбісің? Әлде, жарқыратып жұмысқа салар құрыш қолдың жоқтығынан