жетімсіреп, қарадай қажып барамысың? Сол күндерді әлі ұмытқан жоқ шығарсың, ә. Екеуміздің де беріктігіміз бірдей еді ғой онда, — деді ол жас баламен тілдескендей қолындағы кілтке иек қаға сөйлеп.— Қайтеміз! Кәрілікке мойынсұнып, осылайша әрекетсіз қала береміз бе? Көрсек қайтеді мына өмірмен тағы да ұстасып, арыстан тұқымы өлерінде де бір серпіліп қалмас па. Бұл дүниеде жетімдіктен асқан қасірет жоқ екен ғой. Басыңнан өткізіп жатырсың, айтпасам да түсінерсің ол қасіреттің қалай екенін! Мына қапасқа қамалып, амалсыздан сен жатсаң, анау үйде күңіреніп мен де отыра алмадым ғой. Не амал бар енді! Кім біз екеуміздің арамызды алшақтатып тұрған, уоу, кім?!» Оның даусы күйінгеннен қатты шығып кетті. «Тағы да мен бе кінәлі? Сен де мені мегзеп тұрмысың, достым. Жо-о-қ, жо-о-қ! Көремін бір серпіліп. Кім айтты, қай оңбаған айтты мені осы кәрі деп. Көрсетермін сендерге кәріліктің қалай болатынын!» Мүсірәлі бұдан 7 — 8 жыл бұрынғысындай май сіңген күпәйкесін, ауыр етігін киіп, белін мықтап буынды да, сарай ішінде аяғын солдаттарша көтере басып, ары-бері жүріп көрді. «Жасыма Мүсірәлі. Сені кәрі дегеннің бәрі де далбасалапты. Ол оңбағандар өтірік сөйлеуден басқаны білмейді, сен кәртейген жоқсың. Жасыма, тыңдама оларды!»— деді ол өзін-өзі алдаусыратып. Осы сөздерді өзі емес, мүлде басқа біреу айтып тұрғандай-ақ, байғұс шалдың көңілі едәуір өсіп, кәрі кеудесіне әлде қалай бір қуаныш ұшқыны сәуле беріп өткендей болды. Өзінің әзіргі қимылдарының бәріне көңілі толған Мүсірәлі ауыр кілтке жіп байлап, мойнына асып алды да сарайдан шықты. Ол шыжып тұрған ыстықты да елемей, теміржол жаққа беттеді де, қорған есігіне жетпей қайта оралды. — Айғаным, уау, Айғаным! — деді есікке жақындап. Айғаным, талай заманнан бері сандық түбінде жататын бақсы бабаларынан қалған қыл қобызға жалбарынып отыр еді. Шалы кіріп келгенде, киелі нәрсеге қырық қадам қашықтықта тұрып бейпіл сөйлемеу керек деген қағиданы берік ұстаған Айғаным, шошынғаннан «көтек!» деп қолындағы қобызын лақтырып жібергенін аңғармай да қалды. — Астапыралла, бұ нең тағы! Қайда жиналдың байғұс-ау? — деді ол даусы жарғақтана шығып. Ері бұл сұраққа жауап берудің орнына белін бір тартып қойып: — Анау сарайды білесің бе? — деді қолын сыртқа қарай шошайтып. — Соны тазалап, су сеуіп қой. Жетімсіреп қапты. Кешке дейін бітіргенің сол болсын. Мен кейінірек ораламын, — деді қозғала беріп. Айғаным оған әлдене дегелі оқталғанда, Мүсірәлі аяғын ширақ басып там айналып кетті. «Мына шал не боп барады құдайым-ау! Әлде, алжыды дегеннің алды осы ма екен?!» — деп таңданды күйеуінің жүзінен жындылықтың нышанын байқай алмаған Айғаным. …Мүсірәлі сол бетімен теміржолға жетті. Қапталдағы тастарды шақыр-шақыр еткізе тайғанақтап барып шпал үстіне көтерілді. Дәл баяғы жас кезіндегідей басындағы ши қалпағын