ӨЗЕН СУАЛҒАНДА

маңдайына түсіре киіп, жолды өрлей жүріп кетті. Айнала аңызақ. Оңтүстіктен соққан ыстық жел бетті жалындай шарпиды. Тынысты тарылтып, өкпені өрекпітіп бара жатыр. Тартқан сымдай түп-түзу болат жолдар күн сәулесімен шағылысып айнадай жалт-жұлт етеді. Жазық даланы түгел сел басып кеткен тәрізді, төңірек бұлдыр сағымнан мұнартып, ақ теңіздей толқын атады. Мүсірәлі аяғын сүйрете басып, үнсіз келеді. Бір кезде, қабағы кенет қайта түйіліп, әжімді жүзіне ыза мен күйініштің іздері ойнап шыға келді. Бірақ, өзіне-өзі аздап тоқтау салып қайта тынышталғандай болды. Сонан соң иығынан зілдей кілтін алып, болат жолды зырқ-зырқ еткізіп екі-үш рет салып қалды. «Оһ, дариға-ай, уақыт деген қалай тез өтетін еді! Жол бойында ес жидым. Жол бойында бұғанам қатып еді, осы жолға еңбегім сіңіп, маңдай терім төгілді. Бұл жолдың тастары талай етігімізді тоздырды, қайламызды сындырды. Бірақ, бәрін де қайта жасап алдық. Бұл жолдың шпалдары да шіріді — ауыстырдық, өзі де сынды — жаңасын салдық. Еһ, дүние-ай, мұның бәрі де жақсы екен-ау, бәрінен, мына адамның тозғаны қиын екен ғой. Жөндей алмайды екенсің ғой оны ешқашан. Мына пәни дүниеде қанша ұлы болғанымен адам шіркіннің әлсіз жағы да бар екен-ау! Жаның ашиды екен-ау, оған да!» Ол басындағы ши қалпағын жұлып алып шытыр-шытыр еткізіп умаждай берді. «Сол күндердің бәрі де күні кеше сияқты еді, міне, сақалға ақ кіріп алпыс беске де келіп қаппыз. Сол күндерде біз бір күні қартайып, қолымыздағы қайланы серпіле сілтеуге қайратымыз жетпей, өзге біреуге ұстатармыз-ау деп ойлап па едік, сірә. Қайран жастық-ай! Етектен тартып, еңсені түсірген қарғыс атқыр кәрілік-ай, қай жағымнан сап ете қалып едің? Қартаймаймын ғой деуші едім, сүйретіліп маған да жеткенің бе! Оның кеудесін орны толмас ыза кернеп, көкірегі жалын ата аһ ұрды. Қолындағы мыжылып біткен ши қалпағын теміржол жиегіне ызалана лақтырып жіберіп, ып-ыстық рельстің үстіне кеп шоқиып отырды да, шегі де, шеті де жоқ тұңғиық ойға тағы шомды. Мүсірәлі маңдайдан ұрған күнді де, екі самайынан сорғалап, ыстық тастарға тырс-тырс тамған ашқылтым терін де елемеді, сүртпеді де оны. Талайдан бері көкірегін кернеп, өзімен-өзі арпалысқа түсірген күйінішті бір ой бүгін оның ішіне сыймай, жанын жегідей жеп сыртқа теуіп еді. Бір алып қол келіп көртышқанның құйрығынан ұстағанда ініне қарай оның жанталасып тырмысатыны сияқты, Мүсірәлі де сағым боп артта қалған жас өмірдің ергенегіне қарай ессіз талпынуда еді. Алып қол өзін босатпай тұрғанда ініне кіре ала ма, кіре алмай ма ол жағымен зәредей де ісі болмай бас көз жоқ құр тартына беретін әлгі жәндік сияқты, Мүсірәлі де талайдан бері кәрілікке бой бермеймін деп сұрапыл азап шегумен келіп еді. «Осы жерлермен дүсірлетіп талай-талай өтіп едім-ау бір

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15