ӨЗЕН СУАЛҒАНДА

кезде. Мүмкін, дәл аяғымның астындағы мына шпалды мен ауыстырған шығармын. Қайратты қолдарымның ізі осы шпалда әлі жатқан болар», — деді ол біршама сабасына түсіп. Осы кезде Мүсірәлі сонау жылдардағы өз аяғының дүбірін естігендей, алып қолдарымен шпалды жол астынан қиналмай-ақ суырып алып жатқандай сезінді. Сағымданған елестер бірте-бірте айқындала түсіп, оның көз алдында бұдан жиырма-отыз жыл бұрынғы болат серіппедей шиыршық атқан қызыл шырайлы шымыр жігіт көлденеңдеп тұра қалды. Онда Мүсірәлі қажырлы еді, шаршау дегенді әсте білмейтін. Буырқанған қайраты жарға соққылаған асау теңіздің долы толқынындай үздіксіз сыртқа теуіп, бойға сыймаған сол қайраты өзін әлдеқайда алып ұша жөнелетіндей болатын да тұратын. Ол кезде бұл жас жігіт дәл осындай шақырайған шілденің күнінде ойып түсер деп сескенбей-ақ, қара майға батырылған ыстық шпалдарды екі иығына лақтырып жіберіп, қиналмай басып жүре беретін-ді. Дәл осындай шақтарда оның судай тасыған күш-жігері арнасына түсіп, айызы бір қанып қалушы еді. Қайран жастық-ай десеңші! «Қане, қайда сол қайрат, қайда ғайып болған бұл күнде, — деді ол әлдекіммен ерегесіп тұрғандай айғайлай сөйлеп. — Сол күндердің шынымен-ақ қайырылмасқа кеткені ме? Бір заманда балуан атанған мына Мүсірәлінің бүгін келіп қушиған шал болғаны ма? Қайдасың, уа қайдасың сол күндер!..» Ол буынып бара жатқандай омырауын бар күшімен жұлқып қалды. Күпәйкесінің ескіріп, жібі шіріген түймелері бырт-бырт етіп жерге ұшып-ұшып түсті. Оның көз алдына сонау жастық шағы елестеп өте берді. …Жасында біреудің жалғыз баласы болып, шолжаң өскен Мүсірәлі ескіше де, жаңаша да оқымады. Әкесі отқа қарап қалмаған, азды-көпті қолының кірі бар адам еді. Сөйте тұра ол баласын оқытуды лайық көрмеді, өйткені, жалғызын үй бетін көрсетпей оқы деп қуып жібергенді мейірімсіздік болар деп топшылаған еді. Бірақ, кейбір ауыл адамдарының «балаңды неге оқытпайсың, кедей боп қаламын деп қорқып жүрсің бе?» — деп кездескен сайын әзілдеген боп қағыта бергені мұның намысына тиіп, бір барған сапарында ол Самарқаннан инеге іліп алар еті жоқ, көзі күшігеннің көзіндей ойнақшыған бір жапырақ татар жігітін ертіп келді. Сонан соң оның келісімі бойынша ақы төлеп Мүсірәліні оқыта бастады. Ол жігіттің келіспеген бұжыр беті мен көкпеңбек көздерінің шамадан тыс ойнақши беретінінен Мүсірәлінің анасы шошынып та жүрді. «Япыр-ай, мұғалім деп қаланың қайдағы бір қу аяғын әкеп жүрмесең не қылсын. Көзі жаман екен жүдә», — деді бір күні ол күдігін күйеуіне айтып. «Тек әрі! Сен не білемін деп отырсың», — деп зекіп тастады. Әйтсе де, осы әңгімеден кейін бір күн өтпей-ақ, нақ сол түні «мұғалім» үйдегі бар ақшаны алып ұшты-күйді тайып тұрды да, қанша іздеу салғанымен оны көрдім-білдім деген жан адам болмады. Енді Мүсірәлі он екі жасқа келген кезде әкесі тағы да

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15