тәуекел етіп, Әулиеатадан осындағы бір туысына қонаққа келіп жатқан отыз-отыз бестер шамасындағы бір қазақ мұғаліміне жата-жармасып, өлердегі сөзін айтып әзер көндірді. Ол қазақ денсаулығы болмай жүргендіктен Көкшетауға бармақ болыпты да азды-көпті қаражат жинау ниетімен мұндағы туысқандарына келген беті екен. Әрі өзіне де қаражат керек, әрі үлкен адам аппақ сақалымен өтініп тұрғанда қариялардың сөзін екі етпейтін исі қазаққа біткен қасиетпен бұл жас мұғалім де біраз қиналған боп отырып, алты айға келісім береді. Ешкім бетіне келмей сотқар өскен Мүсірәлі алғашқы күндері мұғалімнің сабағын тыңдаған боп жүрді де, бір күні бір топ балаларды ертіп кеп мұғалімді таспен, кесекпен атқылап үйден айдап шықты. Бұрын-соңды мұндай пәлені естіп көрмеген мұғалім, бәледен машайық қашыпты деп бұл үйге екінші рет ат ізін салмай қойды. «Пешенесіндегісі болар. Бұған оқуды жаратқан ием о баста мансұқ етпеген екен», — деп әкесі де үшінші рет мұғалім шақыртқан жоқ. Әліпті таяқ деп білмейтін сол Мүсірәлі жерден еңкейіп шөп алмаған бойы салып ұрып жиырма жасқа да келді. Тіршіліктің қашаннан келе жатқан заңы емес пе, бала өскен сайын әке өше берді. Жас болса ұлғайып, жер ортасынан әлде қашан ауып қалған Қарағұл, енді өзгелер сияқты өзінің де немере сүйіп о дүниеге тыныш аттанғысы келді. «Кеудеден жан шығып кетпесе, тірі пенде әйтеуір тыным таппайды екен. Төрт жағым құбыла, шаруам бітік деп отырған кім бар, қане? Қиуы қашқан кәрі сүйекті сықырлатып қашанғы қинай бермекпіз. Құдайдан баланы адам не деп тілейді, біз де Мүсірәлінің аяғын бір нәрсеге іліктіріп, нәресте иіскесек қайтеді?» — деді бір күні ол әйеліне. «Ойбай, қарғадай балаға әлден әйел әпермекпіз бе? Беті аулақ, беті аулақ!» — деп тырнағының астына ине тыққандай орнынан атып тұрған Баршагүл қанша байбалам салғанмен бәрін айтып түсіндіріп шыққан Қарағұлдың салмақты сөзінен соң амалсыз келісім берді. Сөйтіп, қамқоршы ата-ана ұлына қалыңдық таңдай бастады. Түні бойы күбірлесіп, маңайдағы тәуір деген қыздың бәрін саралап шықты. Бірақ өздерінің ойларын олар Мүсірәліден жасырын ұстап келмек боп келісті де, істің бәрін өздері ретке келтіріп болған соң, бір күні: «Бар, қалыңдығыңды алып кел» деп оған бір-ақ есіттірмек еді. Олай болмаған күнде баласы үйленуге қарсы боп, шатқаяқтап шыға келер деп қорқып еді. Ал Қарағұл іске шындап кіріскен кезде торын қайда лақтырса да быт-шыты шығып үзіле берді. Өйткені, бармақтай кезінен бастап ауыл-аймаққа тек бұзақылығымен ғана әбден танымал болған Мүсірәліге қызын ешкім «мен бере қалайын» деп айта алмады. Қайда барса да баласының қылығын бетіне баса берген соң, ызаға булыққан Қарағұл: «Сенің қызың болмаса, балам қатынсыз қалар деймісің» деп ешкімге жалбақтамай бірден екіншісіне ауыса берді. Ақырында, көрші ауылдың он сегіз жасында аты