жер жарған сұлу қызына тәуекел деп сөз салды. Қарағұл келіп шай үстінде шаруасын айтып шыққан соң, қыздың әкесі өңі қашып, бұған ажырая қарады. — Қарағұл, сен мені мазақ қылғалы отырмысың? Бұрыннан келе жатқан таныстығымыз өз алдына, ал мынадай қолқа айтуыңды қой, — деді салмақты түрде. «Мазақ қылғалы отырмысың» деп маңайлатпаған ащы сөз Қарағұлдың шымбайына батып кетті. «Сонда, мені де, баламды да қор санағаны ма осының? Бұдан менің қай жерім кем, мұның менен несі артық?» — деп ойлады Қарағұл іштей назаланып. — Бұл қай айтқаның, Жұмақан? Қызыңа сөз салғаным — сені мазақ еткенім болса, өзімді асқақ санағаным ба, әлде сені ме? — деді пиялайын болдым дегендей төңкеріп тастап. — Жарайды, Қарағұл. Сөзді қысқартайық. Сенің қояншық ұлыңа беретін менде қыз жоқ. Алда-жалда бір ақ шүберек тиесілі болсам, амалым бар ма, екінші әйелімді әпере ғой. Сенің ұлыңа сол да жарар… — Тарт тіліңді! — деп Қарағұл оның сөзін аяқтатпай орнынан атып тұрды. — Келген жұрттың бәрін қайтарып, қызыңды ошақ басында кәртайтпекпісің! Бұл түріңмен қызыңды өткізе алмай қаласың әлі! …Қарағұлдың көк желкесінен ауыр соққы сарт ете түсті де, дүние теңкеріліп жүре берді. Ол үйіне келген соң да үш-төрт күн бойы басын көтере алмай жатты. Барлық болған оқиғаны шешесінен естіп алған Мүсірәлі өзінше кек сақтаған боп, бір күні тапа-тал түсте Жұмақанның үйіне баса-көктеп жалғыз кіріп келді. «Үкіметке айтам, басмашы деймін, соттатамын» деп әлі жетпейтінін білген Жұмақан қанша айғайға басса да, оның сөзін елең де қылмаған жас жігіт «сен үкіметке емес, дозаққа барасың» деп келідей жұдырығымен иықтан бір салып талдырып түсірді де, қатын-қалаштарды қыран жапқандай ызғын-шұғын қылып, қызды үйден жетектей жөнелді. Оның ебіл-дебіл боп жылағанына да қарамай, байлаулы тұрған атына жете салысымен алдына өңгеріп, желе жортып жүре берді. Соңынан әлдекімдер келеді-ау, соққыға жығады-ау деп ол қауіптенген де жоқ. — Жылама, қой деймін-әй, бикеш! — деді ол ентігін баса алмай келе жатқан қызға ауылдан ұзаған соң. — Ешкімге тимеймін деп барған жігіттерді неменеге кері қайтара бердің? Құдайдың баласы құда түсер деп күтіп отыр ма едің әлде! Қыз тарс жұмған көзін ашпай, алақанымен бетін басқан бойы солқылдап жылай берді. Мүсірәлі қыздың бетін жапқан су-су шаштарын алақанымен кейін серпіді де: — Қане-ей, осынша шалқайғаныңа қарағанда сен мүмкін, шынымен-ақ сұлу шығарсың. Тура қарашы маған! — деді оның жүзіне үңіле түсіп. — Ее-й, сен кәдімгідей сұлусың ғой-ей! Сөйте тұра байға тимеймін дегенің… Ой, ақымақ қыз!.. Мүсірәлі қызды ер үстіне жайластырып отырғызды да, құлап кетпесін деп аш белінен мықтап құшақтап алды. — Естуімше, сенің атың Айғаным ғой деймін осы, рас па? —