Жігіт жолдан ысырылды. Мәлике ақтарыла кеткен мына жігіттің сөзіне не жауап берерін білмей дағдарып қалды да, «сендім» дегендей жылы шыраймен бас изеп өте берді. Бұрқыраған қоспасыз шындық алдында іші жылып, әуелгі кезде тым қатты кеткеніне ұялды. Әйтсе де, «Ағаңыз бола ма, әкеңіз бола ма», – деп байқаусыз жанын шымшылағанын, сол сөзі арқылы Сәргелдің намысына тигенін де аңғарды. Бұл үшін ол жігітті кінәлаған жоқ, тек, Сәргел ашуланбаса екен деп тіледі. – Құдай–ай, осы Алматыда жөндеп демалатын да орын жоқ, – деді ол бұрқырап. – Жұрттың бәрі билейді, жұрттың бәрі арақ ішеді деп ойлай ма екен! Келсең тұра қашқың келеді. Қара майдай жабыса кететіндері тағы бар. Суретші! Суретші болса, суретін білсін! Тауды салсын, тасты салсын, маған десе тасбақа салсын, онда менің шаруам не! Ол такси аялдамасына шейін сөйлеп барды. Таксиге отырған соң да өзі сұрап, өзі жауап беріп, сол жауабынан қайта өршеленіп, үйге шаршап жетті. Мұнда келген соң да біраз сөйлейтін сыңайы бар еді, табан астында қан қысымы жоғарылап төсекке жатып тынышталды. Мәлике оның қан қысымы жоғарылап болса да, әйтеуір тынышталғанына қуанды. Қаратайдан құттықтау телеграмма келіпті. Оны ас үйде оңаша шай ішуге кіріскенде Мәликенің қолында тұратын сіңлісі берді. Бағила оны көрген сайын аяйтын. Төрт-бес жасар кезінде ойнап жүрген жерінен машина қағып, бір қол, бір аяғынан айырылыпты. Қатты шошынғаннан ба, мойны сол жағына қарай сәл қисая шынтағынан ішке бүгіліп жазылмай қатып қалған. Жүрген кезде протез аяғына киген туфлиі тоқ-тоқ етіп, оң қолы жоғары-төмен ербеңдеумен болады. Ол ешқашан өзге қыздар секілді үстіне көйлек, юбка киген емес, аяғын жасыру үшін шалбарын тастамайды. Бағила оны көз алдына шалбарсыз елестете алмайды. Ол жұрт назарына түспеу үшін үй ішіндегілердің бәрінен кеш жатып, ерте тұрады. Мәликенің айтуынша ол бұларға онша да жақын емес, аталас қана ағайын, тек, ауылдағы әкесінің айтуымен Сәргелді ұзақ үгіттеп жүріп қызды осында тұрғызуға көндіріпті. –Манс, біз жоқта ешкім телефон соққан жоқ па? – деді Мәлике шайына варенье салып жатып. – Манс – Мәнсияның қысқарған түрі. –Соқты. –Кім? –Танымадым. Бір ер адам. Сізді сұрады. –Даусы қандай? Ол иығын қозғады. –Кәдімгі еркек дауыс. –Жуан ба, жіңішке ме?.. –Жуандау қоңыр дауыс. Актерлік тембрі бар. –Тіпті солай де! – Мәлике сыңғырлай күлді. – Сен сабағыңды оқып біттің бе? –Иә. –Онда Қаратайға заказ берші. Жатқанша сөйлесіп, одан өз аузыммен сүйінші сұрайын. Мәнсия үнсіз келісіп, орнынан ақырын көтерілді де, дүк-дүк басып телефон тұрған коридорға шығып кетті. –Оқуын қашан бітіреді? – деді Бағила үнсіз отыра беруден жалығып. –Биыл екінші курста. Мен оқып жүрген институтта ғой. Бітіріп шықса екен
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66 67 68 69 70 71 72 73 74 75 76 77 78 79 80 81 82 83 84 85 86 87 88 89 90 91 92 93 94 95 96 97 98 99 100 101 102 103 104 105 106 107 108 109 110 111 112 113 114 115 116 117 118 119 120 121 122 123 124 125 126 127 128 129 130 131 132 133 134 135 136 137 138 139 140 141 142 143 144 145 146 147 148 149 150 151 152 153 154 155 156 157 158 159 160 161 162 163 164 165 166 167 168 169 170 171 172 173 174 175 176 177 178 179 180 181 182 183 184 185 186 187 188 189 190 191 192 193 194 195 196 197 198 199 200 201 202 203 204 205 206 207 208 209 210 211 212 213 214 215 216 217 218 219 220 221 222 223 224 225 226 227 228 229 230 231 232 233 234 235 236 237 238 239 240 241 242 243 244 245 246 247 248 249 250 251 252 253 254 255 256 257 258 259 260 261 262 263 264 265 266 267 268 269 270 271 272 273 274 275 276 277 278 279 280 281 282 283 284 285 286 287 288 289 290 291 292 293 294 295 296 297 298 299 300 301 302 303 304 305 306 307 308 309 310 311 312 313 314 315 316 317 318 319 320 321 322 323 324 325 326 327 328 329 330 331 332 333 334 335 336 337 338 339 340 341 342 343 344 345 346 347 348 349 350 351 352 353 354 355 356 357 358 359 360 361 362 363 364 365 366 367 368 369 370 371 372 373 374 375 376 377 378 379 380 381 382 383 384 385 386 387 388 389 390 391 392 393 394 395 396 397 398 399 400 401 402 403 404 405 406 407 408 409 410 411 412 413 414 415 416 417 418 419 420 421