…Жаралды ма екен ол әлде
Кету үшін жүректе
Қонақ болып бір сәтке?
(Ив. Тургенев)
Ол бір ғажайып түн еді-ау, ондай түндер біздің сонау балғын шағымызда ғана кездесетін, құрметті оқушым! Аспан дегеніңіздін ашықтығы, шапырлаған жұлдыздардың нұрлылығы сондай, оған қарап тұрып өзіңе-өзің: япыр-ау, осындай аспан астында да кесірі мен кесепаты мол жандар өмір сүрер ме екен деп ойлап қалғандай едін. Мұның өзі де балғын, тіпті балғын сауал ғой, құрметті оқушым-ау, бірақ жаратқан ием кеуделеріңізге осындай балғын сұрақтарды ұялата берсінші!.. Кесірлі де кесепатты мырзалар жайлы айта отырып, өзімнің де күні бойғы шарапатты бір ісімді еске алмай өте алатын емеспін. Таң азаннан бері мені ерекше бір сезім алып-ұшып, азапқа түсірумен болды. Кенеттен мені, жападан жалғыз қалған мына мені бүкіл дүние талақ етіп тастағандай болды. Япырым-ау, соншалықты сырт айналатындар кімдер? деп жұрттың сұрауына қақысы бар екен ғой. Міне, Петербургте тұрғаныма сегіз ай бопты, содан бері бір жанашыр таныс таппаппын. Алайда, маған таныс атаулының қажеті қанша? Бүкіл Петербург маған онсыз да таныс қой. Барша Петербург тайлы-тұяғымен дачаларына көтеріле көшіп бара жатқанда өзімнің жалғыз қалғанымды енді сезінген екенмін. Жападан жалғыз қалған соң өз-өзімнен не болғанымды білмей, кеудемді әйтеуір бір сағыныш кернеп, үш күн бойы көше кезіп, сенделумен болдым. Нева проспектісіне барайын ба, бау-бақшаны аралайын ба, немесе теңіз жағасымен сандалайын ба, жыл бойы, тіпті сағат сайын кездесіп тұратын адамдарымның бір де бірін жүздестіре алсамшы. Олар, әрине, мені танымас, бірақ мен оларды білемін ғой. Салған жерден-ақ танимын; осы шаққа дейін мен олардың шат-шадыман, көңілді сәттеріне, кейісті кейіптері мен асып-тасқан кездеріне сырттай сүйсіне қарап жүріп-ақ зерттеп алғанмын. Мен Фонтанка жанында бір шалмен құдайдың құтты күні, белгілі бір сағатта кездесіп жүріп, онымен достасып кеткендей болдым. Өзі бір маңғаз, ойшыл еді. Әлдене жайлы тынымсыз міңгірлеп, сол қолын сермеп қояр еді, ал оң қолынан алтын тұтқалы ұзын таяғы бір түспейтін. Тіпті мені өзіне жақын тартып, сырласындай санаушы еді. Егер Фонтанка маңындағы үйреншікті жерде белгілі сағатта болмай шықсам, оның қатты кейіп, көңілі пәс тартып қалары сөзсіз. Екеуміздің де көңіл күйіміз көтеріңкі сәтте бір-бірімізге ант берудің аз-ақ алдында қалатынымыз сондықтан. Қызық-ау, егер екеуміз табаны күректей екі күн бойы кездеспей, үшінші күні көрісе қалсақ бас киімімізді аспанға лақтыра жаздап, әбүйір болғанда есімізді тез жиып, кетерілген қолды төмен түсіріп бір-біріміздің жанымыздан етене жақын адамдардай өтуші едік. Маған бұл жердің үйлері де әбден таныс. Көшемен жүріп келе жатқанымда әрбір үй алдымнан жүгіре шығып, бүкіл терезе біткен «Сәләматсыз ба, дені-басыңыз сау ма? Құдайға шүкір, мен де аман-есенмін, май айына қарсы маған тағы бір қабат қосылатын болды» деп сөйлей жөнелетін
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41