Қ А Р Ғ Ы Н

—Түсінсем бұйырмасын, — деді ол мұндай «кереметтің» сырын ашуға Сәргелдің көмегін сұрағандай оған таңдана қарап. —Ал маған түсінікті! — Сәргел темекі қалдығын алақанына уыстаған бойы қолын артына ұстап. — Қазір сендерге де түсінікті болады. Елтай, Ертай! Қане, мұнда келіңдер! Мәлике Сәргелдің балаларды шақырғанын естігенде өзін-өзі билей алмай, орнынан қалтырай көтерілді. «Залым, — деді ол ызасы бұрқ етіп, — балалардан сұрап алған екен ғой! Неткен пасықтық!» Өзі келгелі бері балаларының сыбысы естілмегенінен, әкесі шақырған кезде екеуінің де томсырайып-томсырайып келе қалғанынан Мәлике Сәргелдің оларға ұрысқанын, тіпті, шындарын айтқызу үшін жазалап қорқытқанын да сезді. Екеуі аналарын көріп, қабақтарына қуаныш үйірілгендей оған жақындай бергенде Сәргел оларды есік алдына тұрғызып қойды. –Елтай, сен бағанағы сөзіңді қайталап айтшы. Үйге бір ағаның келгені рас па? —Рас. — Ол анасына бір көз тастады да, қайта төмен қарады. —Ертай, енді сен айтшы. Рас па? —Лас. Аға ұзақ отылды. Мамамдал да ұзақ отылды. Елтесіне садикке кеш балдық. — Кішісінің жауабы нақты да аумақты шықты. —Жарайсыңдар! Енді өз бөлмелеріңе бара беріңдер! Үлкенінің есі кіріп қалған болса керек, бұл жауаптың жақсылық емес екенін аңғарып, басын салбыратып шығып кетті. Әкесінің бұл жолы ұрыспағанына қуанған кішісі көп шаруа тындырғандай тайраңдай басып ағасының соңынан жүгіре жөнелді. —Ал, бұған қарсы айтар басқа дауыңыз бар ма? — деді, Сәргел әйеліне қол созым жерден төне қарап. —Жоқ, — деді Мәлике болары болған соң неден болса тайынбас кейіппен. — Кінәні мойындаудан, ажырасудан басқа амал жоқ. Сәргел тың тыңдағандай Мәлике жаққа кеудесін сәл қисайтып оғаш бақырая қарап тұрды да: —Жоқ, қымбатты Мәлике, неке сіздің ғана меншігіңіз емес, ол екі адамға ортақ нәрсе, — деді саусағын сермеп. — Арызды мен жазамын. Өйткені қылмыс сіздің жақтан жасалып отыр. Күйеудің көзіне шөп салу, неке бұзу, моральдық азғындау — ол даусын көтере түсті, — моральдық азғындау сіздің тарапыңыздан! —Жаз, жаз, қазір жаз! Қалай деп жазсаң да ерік өзіңде. — Ол диванға сылқ етіп отыра кетті де, екі қолымен бетін басты. —Бұл жаста екінші рет әйелден айырылу — біреуінен өлідей, екіншісінен тірідей — маған, әрине, оңай емес, — деді кенет Сәргелдің де даусы дірілдеп. — Өзім араласар қауым алдында не бет қалмақ? Мына екі баланың тағдыры қалай болады? Мұны ойламайтын менің жүрегім жансыз тас емес. Бірақ жеке бастың ары мен намысы адамды қандай қиындыққа болса да итереді, соған көндіреді. Жұрт алдында өз кінәмнің жоқтығын дәлелдеу үшін мен сотқа қылмысыңызды ашып жазамын. Төсекте жатқаныңызды ешкім көрмесе де, мен жоқта үйге бөтен еркектің келуі сіз екеуіміздің ажырасуымызға толығынан жетеді. Ол еркектің кім екенін мен әзір

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66 67 68 69 70 71 72 73 74 75 76 77 78 79 80 81 82 83 84 85 86 87 88 89 90 91 92 93 94 95 96 97 98 99 100 101 102 103 104 105 106 107 108 109 110 111 112 113 114 115 116 117 118 119 120 121 122 123 124 125 126 127 128 129 130 131 132 133 134 135 136 137 138 139 140 141 142 143 144 145 146 147 148 149 150 151 152 153 154 155 156 157 158 159 160 161 162 163 164 165 166 167 168 169 170 171 172 173 174 175 176 177 178 179 180 181 182 183 184 185 186 187 188 189 190 191 192 193 194 195 196 197 198 199 200 201 202 203 204 205 206 207 208 209 210 211 212 213 214 215 216 217 218 219 220 221 222 223 224 225 226 227 228 229 230 231 232 233 234 235 236 237 238 239 240 241 242 243 244 245 246 247 248 249 250 251 252 253 254 255 256 257 258 259 260 261 262 263 264 265 266 267 268 269 270 271 272 273 274 275 276 277 278 279 280 281 282 283 284 285 286 287 288 289 290 291 292 293 294 295 296 297 298 299 300 301 302 303 304 305 306 307 308 309 310 311 312 313 314 315 316 317 318 319 320 321 322 323 324 325 326 327 328 329 330 331 332 333 334 335 336 337 338 339 340 341 342 343 344 345 346 347 348 349 350 351 352 353 354 355 356 357 358 359 360 361 362 363 364 365 366 367 368 369 370 371 372 373 374 375 376 377 378 379 380 381 382 383 384 385 386 387 388 389 390 391 392 393 394 395 396 397 398 399 400 401 402 403 404 405 406 407 408 409 410 411 412 413 414 415 416 417 418 419 420 421