Мұның бәріне қанағаттанбаған Қаратай «болды» дегендей қабағын тыржитқан соң, ол да сөз аяғын жұтып, таңданған пішінмен басын шайқап барып үнсіз қалды. Қаратай малдың қырылуында жалғыз шопанның ғана емес, совхоз басшыларының да кінәсі мол екенін, сол себептердің бәрін қазір аша алмасын, ауданға барған соң шаруашылықтары салақсып кеткен совхоз директорларын шақырып, ашық сөйлесу керек екенін түсінді. Сондықтан, онсыз да берекесі қашып, пұшайман жеп отырған шопан байғұстың үйінде ашу шақырып, талдау жасап жатуды орынсыз тапты. Ең бастысы — ол малшының ашынған сәттегі сөзін естіді, бір шындыққа апарар күдікті жіптің ұшынан ұстады, қалғанына көз жеткізу енді қиындық тудырмайды. Өзі келгенге шейін қыстау жаққа қатынау былай тұрсын, тіпті, жолдың да түспеуі оған көп сырды аңғартып кетті. —Қырық бес қойға орталықтан бері қарай жол салып алдық. Есептеп келгенде, құны соған шамалап қалатын да шығар, — деді әлден соң Көлбай тағы шатақ әңгіме бастап. — Қалған сегіз машина жемді жеткізіп беріңдер. —Жеткіземіз, жеткіземіз, — деді директор әңгіменің шым-шымдап жыли бастағанына қуанып. — Барған соң кінәлі кім екенін де табамыз. Жем түгел жеткізілді деп естігем. —Мына қырылған малды не істейміз, актілейміз бе? — Ол сәл ғана мойын бұрып, директорға қиғаш қарады. —Көреміз. Барған соң бас мал дәрігермен ақылдасамыз. Өлетіні өліп болды ма, жоқ, жаңағы санға тағы қосылатын түрі бар ма? —Кім білген. Қораны жөндеп, ат арбамен үш-төрт шөп түсіріп алған болдық. Енді өріске шықпаймыз ғой. Әңгіме ушығып барып, бірқалыпты арнаға түскендей болған соң Теңгенің де қабағы ашылып, ортаға дастарқан жайды. Алды тоғызда, соңы төрт-бестердегі қыздар да шешелеріне көмек беріп, дамыл көрмей жүр. Самауыр келіп, шай құйыла бастаған кезде даладан абыр-сабыр дауыстар естіліп, Володя кіріп келді. Қолындағы үлкен тегеште үйітілген қойдың бас-сирағы мен ішек-қарны бар. —Жеңеше, мынаны қайда қояйын, — деді ол осы үйдің бір баласындай шаруақор дауыспен. —Жер құрып қалғандай қайда қояйын дегені несі, — деді Теңге жекіп. —Сүйтіп ұста да тұр! — Теңгенің бұл жекуінде кісіні жатсынбайтын өзімсінгендік жатқанын білген Володя тегешті ошақ жанындағы шағын столға қоя салып, шайға отырды. —Көлеке, сонымен жоқ малдың санын өйтіп-бүйтіп жүріп қырық алтыға жеткізесіз бе? — деді Қаратай Теңгенің қазанға бас салып жатқанына күлімсірей қарай отырып. —Жоқ, сол цифр күйінше қалады. Бұл өз малым. Өкіметтің малы шетінен ақ мәліш, менікі қазақы кара қой. Еті сасық ақ мәлішті сізге сойып не көрініпті! —Япырай-ай, тым асығыс едік. Тағы да аралайтын отарларымыз бар, бекер әуре боп жатырсыздар-ау, — деп Қаратай қиналып еді, үй иесі бой бермей қойды. —Сізге бұйырған мал екен, дәм татып кетіңіз. Біздің үйге жолыңыз түсе бермес. — Ол кеңкілдеп
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66 67 68 69 70 71 72 73 74 75 76 77 78 79 80 81 82 83 84 85 86 87 88 89 90 91 92 93 94 95 96 97 98 99 100 101 102 103 104 105 106 107 108 109 110 111 112 113 114 115 116 117 118 119 120 121 122 123 124 125 126 127 128 129 130 131 132 133 134 135 136 137 138 139 140 141 142 143 144 145 146 147 148 149 150 151 152 153 154 155 156 157 158 159 160 161 162 163 164 165 166 167 168 169 170 171 172 173 174 175 176 177 178 179 180 181 182 183 184 185 186 187 188 189 190 191 192 193 194 195 196 197 198 199 200 201 202 203 204 205 206 207 208 209 210 211 212 213 214 215 216 217 218 219 220 221 222 223 224 225 226 227 228 229 230 231 232 233 234 235 236 237 238 239 240 241 242 243 244 245 246 247 248 249 250 251 252 253 254 255 256 257 258 259 260 261 262 263 264 265 266 267 268 269 270 271 272 273 274 275 276 277 278 279 280 281 282 283 284 285 286 287 288 289 290 291 292 293 294 295 296 297 298 299 300 301 302 303 304 305 306 307 308 309 310 311 312 313 314 315 316 317 318 319 320 321 322 323 324 325 326 327 328 329 330 331 332 333 334 335 336 337 338 339 340 341 342 343 344 345 346 347 348 349 350 351 352 353 354 355 356 357 358 359 360 361 362 363 364 365 366 367 368 369 370 371 372 373 374 375 376 377 378 379 380 381 382 383 384 385 386 387 388 389 390 391 392 393 394 395 396 397 398 399 400 401 402 403 404 405 406 407 408 409 410 411 412 413 414 415 416 417 418 419 420 421