ДЕРМЕНЕ

Қара қарғаның миы қайнайтын шаңқай түс. Адырлы даланың бірте-бірте биіктеп барып аспан тебетін шоқтығын әлдекім қылышпен қиып түсіп, айналаны қоршап алған сағым теңізіне шым батырып жіберген секілді. Сәскеге дейін немесе бесін ауғаннан кейін сонау-сонау алыстан бозарып тұратын Алатау да, қапталдағы нар өркеш Қазығұрт та көзден ғайып болған. Қай жағыңа қарасаң тұңғиық теңіз, енді бірер сағаттың ішінде бұл аралықты да су қаптап алатындай. Жолдың май топырағын жалаң аяқ бассаң табаның күйеді. Шұбар жыланның бауырын қарып, арқасын жидітетін осындай аптапты далаға да бір кезде қыс түседі дегенге иланғың келмейді. Ілгері жылжуға ерініп, кейін қайтуға титықтап қалғандай күн де бір орынға жабысып алып, қозғалар емес. Аяқ дыбысын алыстан естігеннен-ақ пыр-пыр көтерілетін даланың тағы бозторғайлары көлеңкесі қоюырақ жусан түбін қиып кете алмай, өзіне арқан бойы таянғанша орнынан тапжыла қоймайды. Жаяу жүрген адам ошақтағы қазан бір қайнағанша жетіп баратын етектегі ауыл да сағым арасына сіңіп кеткен, зәулім бәйтеректер ғана сіріңке шиіндей боп қылдырап көрінеді. Қураған кеурек пен құлқайырдан итарқа етіп жасалған шайла астында аптаптан бас сауғалап екі адам жатыр. Бірі — атасы, екіншісі — он үш-он төрттер шамасындағы немересі. Осыдан төрт-бес күн бұрын олар бірнеше адам боп осы араға дермене оруға келген. Тоқсанбай қарт жер бетінде мұндай кәсіптің бар-жоғын да білмейтін. «Қолы бос адамдар, адырға барып, дермене орады екен, қасыңдағы серіктерің жөндем болса, жаздай орғаныңды күзде өкіметке өткізсең ақшаның астында қалатын көрінесің» дегенді алғаш естігенде жағасын ұстап, таңдайын қаққан. «Екі қолға бір кетпен» деген осы екен де, пендесіне өлмес тіршілік тауып беріп қойған құдіретіңе болайын, жасаған!» Ол кезде Тоқсанбай қарттың жалғыз ұлы совхоз директоры еді. Қара баланың арқасында не кием, не ішем демей барахатты тіршілік кешті. Баласы ел сұраған кейбір әкелердей асып-тасу дегенді әсте білген жоқ. Кекірік атқан бай емес, кекілік атып жан баққан тақыр кедейшілікті бастан кешірген Тоқаң баласы оқу бітіріп, ел басқарғанда да үй-ішінің қара жұмысын бұрынғыша өзі атқарды. Арада тағы бірер жыл өткенде бұлардың шаңырағы айналып ортаға түсті. Тоқаңның ұлы ауданнан келген екі-үш өкілмен бірге сонау Сырға екі машина боп аң аулауға кеткен-ді. Олар да әйелдерін ала келіпті, бұл да келінді ерте кеткен. «Құлыным-ау, байқаңдар, бір-біріңді атып алып жүрмендер», — деген қарт, олар аттанарда. Бәрі дуылдап күлген. «Жарықтықтың сөзі баланың сөзі сияқты» дескен. Атар киіктерін атып, аман-есен қайтып келе жатқанда Тоқаңның ұлының машинасы шынжыр табан тракторға соғылып, қабысып қалған ғой. Алдымен өткен машинаның қою шаңы нені көрсетсін. Әйелі де, өзі де, ауданнан келген өкіл, ол да әйелімен тіл тартпай кеткен. Тоқсанбай қарт сегіз ай бойы төсектен тұра алмай жатты. Жұрт оны жынданатын

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32